"Егемен Қазақстан" жалпыұлттық республикалық газет
18 шілде 2012 жыл
Ғалымдар қолдауы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми кеңестің Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын талқылауға арналған кеңейтілген мәжілісі өтті.
ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты Елбасының мақаласы – ұлттық идеяның көрінісі дей келіп, еңбек нәтижеге жетудің тура жолы деген ойды білдірді. Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева Қазақстан Президентінің бағдарламалық мақаласындағы негізгі ережелер және оларды іске асыру жөніндегі ұжымның міндеттері туралы кеңінен баяндады. «Президенттің оқыту-тәрбие үдерістерін түбірімен өзгерту жөніндегі талаптарын қолдаймыз. Шынында да, сапалы білім беру мен жастардың тәрбиесі қазақстандық қоғамның жаңғыруының маңызды ресурсы болып табылады», деді ол.
Білім және ғылым саласын дамытуға айқын бағдар алған жоғары оқу орнының профессорлары Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына зор жауапкершілікпен қарап, қойылған міндеттер үдесінен шығуға атсалысатындықтарын жеткізді. Қоғамның әлеуметтік жаңғыртылуы барысындағы кәсіподақ ұйымдарының рөліне ерекше назар аударуы, кәсіподақ ұйымының басшысы ретінде ерекше пікір білдірген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев: «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымы университет басшылығымен әлеуметтік серіктестік, қарым-қатынаста жемісті жұмыс атқарып келе жатқандығын атап өткім келеді. Елбасы көтерген әлеуметтік серіктестіктің тиімділігі мен нәтижесіне университет ректоры Ғ.Мұтановтың бастамасымен жүзеге асырылған әлеуметтік серіктестікті үлгі ретінде көрсетуге болады. Елбасы атап көрсеткендей, әлеуметтік заңнамаларды күшейтіп, әлеуметтік серіктестіктің тиімді нәтижелі екенін көре отырып, университетімізде бұл мәселені ары қарай дамыта түсу керек деп ойлаймын. Жұмыс берушінің қызметкер алдындағы міндеттерін айқындайтын Ұжымдық шарт та университетімізде жүзеге асуда», деді.
Шешендер Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңғырту идеясын жүзеге асырудың басты қағидаларының бірі ынталандыру екенін атап көрсетті, нақты тапсырмаларға орай жұмыс атқаратындықтарын жеткізді.
Кеңес талқылау нәтижесі бойынша Мемлекет басшысының бағдарламалық баяндамасында көрсетілген негізгі ережелерді жүзеге асыруға бағытталған шаралар белгіледі.
«Егемен-ақпарат»