ҚазҰУ-да Конституция күніне арналған халықаралық конференция өтті
Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Конституция – қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов «Конференцияға еліміздің ғалымдары, қоғам қайраткерлері қатысып отыр, баршамызға осы конференция сәтті өтсін. Кеше Астанада мемлекетіміздің үлкен мерейтойы аталып өтсе, бүгін жалғасы біздің университет қабырғасында табуда. Елбасы «Тәуелсіздік тірегі – еліміздің жүрегі» деп атап өткен болатын, бүгін арнайы келіп конференцияға қатысып отырғандарыңызға қуаныштымыз», - деді ректор өз сөзінде.
Конференцияға ҚР Әділет министрі Берік Имашев, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы – Игорь Рогов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты. Осы орайда И. Рогов «Бүгін осында біздің alma-mater қабырғасында жиналып отырмыз, ҚР Конституциялық кеңесінің көбі осы – ҚазҰУ түлектері. Осында ректор бастамасын құптап келіп отырмыз. ҚазҰУ өте жоғары білім ордасы. Кеше Елбасы үлкен міндеттер қойды, алдағы уақытта нәтижелі жұмыс болады деп сенемін. Конференция қатысушыларына табысты жұмыс тілеймін», - деп тілек білдірді. Армения Республикасы Конституциялық сотының Төрағасы, Жаңа демократия елдерінің конституциялық бақылау органдары конференциясының төрағасы Гагик Арутюнян Игорь Роговқа 27 тамыз 2012 жылы Армения Республикасы Конституциялық кеңесінің бірауыздан сот шешімі бойынша Конституциялық әділ сот жұмысына ерен еңбек етіп, жемісті жұмысы мен қайратты да қажырлы көмегі үшін алтыннан жасалған төсбелгісімен марапаттады.
Сондай-ақ, ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының (АҚЖКБ) Орталық Азия үшін аймақтық бөлімшесінің Аймақтық өкілі Армен Арутюнян, Латвия Конституциялық Сотының бұрынғы Төрағасы, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының мүшесі Айварс Эндзинс және т.б. өз баяндамалары барысында конституционализмнің басты проблемаларын ашып айтып, жіктеп, ерекше назардағы оймен тоқталып, өзге елдер мен Қазақстандағы Конституциялық кеңестің ұқсастықтары мен іс-әрекеттеріндегі ықпалдастықтарына тоқталып, әлі де жетілдіре түсетін тұстары мен оң нәтижелерді тілге тиек ете отырды.
Қазақстанда Конституция күнін Республикалық деңгейде мереке етіп тойлау жылдан-жылға дәстүрге айналып келеді.
Сонымен қатар, алыс шетелдерден келген қонақтар өз тәжірибелерімен, ойларымен бөлісіп, бүгінгі таңда орын алып отырған жағдайлармен, қандай тақырып, нендей мәселе төңірегі қалыс қалып қойып отырғанын да ескеріп, барлығы біріге, осындай конференция аясында жақын қарым-қатынас орнату мүмкіндеріне ие болғаны үшін ұйымдастырушылар тарапына ризашылықтарын білдірді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі