ҚазҰУ-дың заңгерлер командасы – еліміздің үздігі
2009 жылдың 26-27 наурыз аралығында Алматыда «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының демеушілігімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығына арналған Республикалық құқықтық олимпиада өтті. Олимпиаданы өткізудегі басты мақсат - болашақта заң саласын ғылыми тұрғыда жаңа белестерге көтере алатын дарынды студенттерді анықтап, марапаттау.
Олимпиада әдеттегідей қарашаңырақ қабырғасында өтті. Ең алғашқы құқықтық олимпиада 1998 жылдың сәуір айында ҚР заң саласына 60 жыл толуына байланысты өткен еді. Оған Қазақстан бойынша 10 ЖОО қатысса, бүгінде олардың саны 16-ға жетті. Олар: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚазҰАУ, ТарМУ, Оңтүстік-Қазақстан мемлекеттік университеті, Жетісу мемлекеттік университеті, Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, ҚР ІІМ Академиясы, Д.А. Қонаев атындағы университет, «Тұран» университеті, Қазақ Еңбек және әлеуметтік қарым-қатынас академиясы, «Қайнар» университеті, Экономика және құқық академиясы, Орталық Азия университеті.
Олимпиаданың қазылар алқасын ҚР ҰҒА академигі Сұлтан Сартаев; ҚР ҰҒА академигі Ғайрат Сапарғалиев; юстицияның генерал-майоры Рүстем Қайдаров; Алматы қаласы бойынша ІІД бастығы, полицияның генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев; Алматы қаласы бойынша қаржы полиция департаментінің бастығы полковник Әмірхан Естаев; Д.А. Қонаев атындағы университеттің ректоры профессор Өмірәлі Қопабаев сынды ірі ғалым мен практиктер құрады.
Олимпиада орыс және қазақ тілдерінде екі кезеңде өтті. Екі күн ішінде студенттер мемлекет және құқық теориясы, конституциялық, әкімшілік, қылмыстық, азаматтық құқық бойынша білімдерін сынады.
Олимпиада нәтижесінде үздік заңгер-студенттер командасы және 2009 жылдың үздік заңгер студенті анықталды. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттер командасы олимпиада жеңімпаздары атанды. Екінші орынды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің командалары бөлісті; ал үшінші орынды Абай атындағы ҚазҰПУ, ТарМУ мен Жетісу мемлекеттік университетінің командалары иеленді.
Студенттер арасындағы байқауда 1 орынға ҚазҰУ-дың 3 курс студенті Лилия Бисенғали ие болса, 2-орынды Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Артур Жасымов және Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Азан Құдабаев, 3-орынды Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Әмір Зенелов, «Қайнар» университетінің студенті Айнұр Әмірова және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Руслан Жақыпов бөлісті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі