ҚазҰУ-да олимпиадашыларды ұлықтау рәсімі өтті
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да спорт және дене шынықтыру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта заманауи жабдықталған стадион, спорт кешені, ашық алаң сонымен бірге, дене тәрбиесі және спорт кафедрасы жұмыс істейді. Клубтық жұмыс түрінің секциялары студенттерге тиімді және ыңғайлы уақытта дене шынықтырумен, спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесі болса керек, ҚазҰУ жастары спорттың сан түрінен республикалық, халықаралық, әлемдік додаларда еліміздің көкбайрағын желбіретіп жүр. Тіпті, еліміздің тарихында болып көрмеген тың жетістіктерге жеткізген биылғы Лондон олимпиадасына қатысқан спортшылардың арасында біздің ҚазҰУ-дан 11 студент лицензия жеңіп алып, спорттың әр түрінен қатысып қайтқан болатын.Солардың бірі де, бірегейі университетіміздің Заң факультетінің 3-курс студенті Светлана Подобедова. Естеріңізде болса, Светлана 3 тамыз күні Лондонда 75 келі салмақ дәрежесінде ауыр атлетикадан өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына алтын медаль сыйлаған болатын.
Міне, сол зілтемірші қыз Светлана Подобедованы өзінің оқу ордасы, қасиетті қарашаңырақ Қазақ ұлттық университеті күні кеше ғана ұлықтау рәсімін өткізді. Ұлықтау рәсіміне ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтанов, ҚазҰУ-дың проректоры Шолпан Жаманбалаева,Лондондағы жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Светлана Подобедова ҚазҰУ-дың денешынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Анатолий Арещенко және тағы да басқа университет басшылығы мен ұстаздар, студенттер қатысты. Ұлықтау рәсімін алғашқылардың бірі болып бастаған университет ректоры Ғ. М. Мұтанов: «Біздің Светлана Подобедова Лондон олимпиадасында қос сайыс бойынша 295 кг салмақтағы Әлем рекордын орнатып, елімзге қуаныш сыйлағаны, біріншіден біздің университет үшін үлкен жетістік. Светлана біздің университеттің студенті. Енді ол жай студент емес, ел танитын танымал чемпион студент. Мен университетімізден жеңіске жететін жастардың әлі де шығатынына сенемін және Светлананы шын жүректен жеңісімен құттықтаймын»,-деді.
Унверситетте спортшылардың спорттық сайыстарға жоғары дәрежеде шығуына жол салып жүрген жандар да баршылық. Солардың бірі ұлықтау рәсімінде баяндама жасаған ҚазҰУ-дың денешынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Анатолий Арещенко:
- 78 жылдық тарихы бар университеттің дайындаған спортшылары бүгінде
Қазақстанның намысын шет елде қорғап, әнұранымызды шырқатып, көкбайрағымызды желбіретіп жүргеніне тарих та куә. Мысалы, университеттен баскетбол бойынша екі дүркін олимпиадалық ойын чемпионы атанған Надежда Ольхова (1976 және 1980 жылдар аралығы), Еуропа мен Әлемнің бокс бойынша төртдүркін чемпионы Ермахан Ибраимов (1996 ж., 2000 жылдары) және Асхат Житкеев, Ольга Турчак, Евгений Владимиров, Булат Асанов, Владимир Дрекслер, Евгений Корольков, Виталий Толчкаев, Василий Пивцов сынды университетімізден әр жылдары қатысқан спортшыларымыз қазақ спортының болашағын көркейтуге жол салды. Солардың салған жеңімпаз жолына шырақ жаққан Свтеланамыздың жеңісі мерейімізді өсіріп, намысымызға жігер сыйлады, рухтандырды, кеудемізге ерекше күш қондырды,- деді.
Намысы оттай ойнақы, ойы жинақы, сөзі қуатты, зілтемірші чемпион Светлана Подобедова ұлықтау рәсімінде сөз алып, жетістігін бүкіл қазақ жұртына арнайтындығын жеткізді. Ұлықтауда ҚазҰУ-дың белсенді жастары ерекше қошеметпен, керемет ұранмен ортаны шаттыққа бөледі. Талайлардың ішінен топжарып, толағай жеңіспен оралған Светлана Подобедоваға студенттер тарапынан сұрақтар легі үздіксіз ағылып жатты. Барлығы да чемпионның өз аузынан сауалдарына жауап алып қалмақ ойда.
Студенттер көкейде жүрген сауалдарына жауап алғаннан кейін, университет ректоры Ғ.Мұтанов арнайы алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, университет алғыс хатымен университтен олимиадаға қатысып қайтқан Айман мен Шолпан Қожахметовалар, Виктор Лептиков, Анастасия Пилипенко, Никита Филиппов, Георгий Шейко, Гүлжан Исанова, Алексей Шмидер, Юлия Живица, Эльмир Алимжанов сынды қыз-жігіттерді де ерекше қошеметпен марапатталды.
Олимпиада чемпионы Светлана Подобедова бізбен жеке сұхбат барысында қойған сауалымызға: «Әрбір спортшының арманы олимпиада чемпионы болу. Мен сол мақсатқа қол жеткіздім. Елімнің көкбайрағын көкте желбіреттім. Бұл жеңісті еліме, халқыма, сүйікті университетіме арнаймын. Өйткені мен ҚазҰУ –дың заң факультетінің студентімін. Мен алдағы уақытта тек спорт саласында қызмет жасаймын. Ал, спорттағы уақытым шектелгенде басқа да жұмыстарға араласу жоспарыма енуі мүмкін. Ең бастысы ел қоржынына әлі де талай алтын медальдар сыйлаймын»,-деп жауап берді.