ҚазҰУ экономистері Елбасы дәрісін талқылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ҚР Президентінің «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерактивті дәрісін жаңа оқу жылындағы бас бағдар етіп, қызу талқылауға, міндеттерді жүзеге асыруға кірісіп те кетті.
7 қыркүйек күні ҚазҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебінде ҚР президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерактивті-дәрісін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Талқылама жиынды факультет деканы Б.Ж. Ермекбаева, деканның ғылыми-инновациялық қызметтер және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, Н.Ш. Әлжанова, оқу ісі жөніндегі орынбасары Л.А. Бимендиева және тағы басқалар бастаған топ ұйымдастырған. Жиынға ҚазҰУ ректоры Ғ.М. Мұтанов, белгілі академик С.С. Сатыбалдин, профессорлар қауымы У.К. Шеденов, Р.К. Сагиева және басқа да оқытушылар мен студенттер қатысты. «Білім күніне орай Елбасымыз өзінің дәрісін бүкіл Қазақстан халқына әлемдік деңгейде паш етті. «Қазақстан білім қоғамы жолында» интерактивті дәрісі аты атап тұрғандай, білім қоғамын құру маңызды дегенді меңзейді. Бүгінде білім күн тәртібінде тұрған тақырып. Сондықтан Қазақстан қоғамына арналған білімнің бағытын жете түсініп, зер салып мән беру қажет. Тек сонда ғана біз жаңа бағыт бойынша еліміздің дамуында білім арқылы биікке шығып, тұғырдан көрінеміз», - деді Ғалым Мұтанов. «Елбасы дәрісі әрбір қазақстандықтың өз болашағы мен үмітіне жету жолын айқындайтын бағдаршам» деп бастаған экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баян Ермекбаева «Әрбір ұстаз өз еңбегінің нәтижесін жас ұрпақ тәрбиелеу мен ел экономикасына білікті маман даярлаудан көреді. Олай болса, мен ұстаздар қауымын өз қызметімізге тағы да бір сын көзбен қарап, өз-өзімізге баға беріп, жаңа заманда терең білім беру арқылы өмірімізді жақсартуға шақырамын. » деп түйді.
«Білім – елдің экономикалық ресурсы ретінде» атты баяндама жасаған экономика және бизнес жоғары мектебі қаржы кафедрасының меңгерушісі М.Ж. Арзаева «Қазақстанның әлеуметтік модернизациялануы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласымен үндес бұл дәріс еліміздің осы кезге дейін жинаған тәжірибесі мен алдағы даму бағытын сипаттайтын мәліметтерге толы болғандығын алға тартты. «Дәрісте Елбасы ұлттық білім беру жүйесін модернизациялауға қатысты өз ой-пікірімен бөлісе келіп, алдағы бағыт-бағдарды айқындап берді. «Ғылым-теңіз, білім-қайық» деп атадан қалған асыл сөзде айтылғандай, заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім және ғылыммен бағаланатына бәріміз куә боп отырмыз. Білім - елдің экономикалық ресурс көзі, ал сапалы адам капиталын құру білімді қоғам қалыптастыруға негіз болады», деген ойын да жеткізді М. Арзаева.
Кісінің кісілігі - білегімен емес, білімімен бағаланатын заманда инновацияға негізделген индустриализацияны адал еңбекпен және терең біліммен ұштастырған жан ғана табысқа жете алатыны аян. Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына аяқ басқан еліміз үшін постиндустриалды әлемде үстемдік ететін «білім-ғылым-инновация» үштағанын нық ұстану өзекті мәселе. Ол үшін сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман даярлау маңызды міндет. Бұл тұста жоғары оқу орынының алар орны зор. «Озық университеттер ол, ең алдымен, дербестікке, академиялық еркіндікке ие әрі ғылыми-зерттеу қызметіне бағытталған болуы тиіс» деп Елбасы өз дәрісінде атап өткендей, университет ұжымы интеллектуальды – инновациялық кластер құру, ғылыми-зерттеу нәтижесін коммерциялизациялауда бір кісідей атсалысуды түйіндеді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі