Алматы күніне арналған велошеру

17 қыркүйек, 2012

Табиғат берген әсем өлкеде орналасқан алып қалада 16 қыркүйек күні Алматы күні мерекесіне орай арнайы велошеру өтті. Қатысушылар жиыны әл-Фараби даңғылы, Тәттімбет көшесінің қиылысында сағат 08.42 минут кеткенде Абай даңғылына дейін жарысты.


Веложарысқа шет елден және еліміздің түкпір-түкірінен келген қонақтар мен қала тұрғындары қатысты. 3000 мыңға жуық адам қатысқан велошеруге Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, олимпиада чемпионы, Астана Pro Team велокомандасының ең белгілі велошабандозы Александр Винокуров, екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин, танымал қазақстандық байкер Дмитрий Петрухин, 22 жылда 27 мемлекеттi кесiп өтiп жалпы көлемi 350 мың шақырымды артқа тастаған 67 жастағы Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданы Жамбыл орта мектебiнiң мұғалiмi, саяхатшы-жиһанкез Түгелбек Қасымұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов, ҚазҰУ-дың дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Анатолий Арещенко, ҚазҰТУ-дың ректоры және т. б. қонақтар келіп, веложарысқа белсене атсалысты.

Велошеруге 30-шы олимпиада ойындарының чемпионы атанған Александр Винокуров арнайы қатысты. Ол бізге берген сұхбатында: - Олимпиададан чемпион болып елге оралғанымды мақтан тұтамын. Әсіресе, елімнің, халқымның мені қолпаштап, биікке өрлетіп жатқанының өзіне ештеңе жетпейді. Олимпиададан келгеннен кейін менде бір арман болатын. Ол Астана мен Алматы қаласында туған күнім 16 қыркүйекке қарай жалпы халықпен арнайы жарысқа түссем деген арман еді. Сол арманым бүгін туған күнімде, Алматыдай әсем қалада, қала әкімі Ахметжан Есімовтың ұйымдастыруымен өтіп отыр. Тіпті, бүгінгі күн бейне бір көктемнің алғашқы күніндей жадырап, шуаққа толы нұрымен қарсы алды. Ақ қарлы Алатаудың шыңы да бұл күні көзге ерекше көрініп тұр. Астанада өткен веложарыста ауа райы салқын болса, Алматыда жылы, жанға жақын табиғаты қолайлы өтті. Қандай ғажап! Әсіресе, мені көріп қалың бұқара халықтың қуанғанын айтсаңызшы. Ерекше сезім сыйлайды екен. Менің туған күнімде өтіп жатқан веложарысқа арнайы келіп тұрған, олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильинге және іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық жандарға алғысым шексіз, - деді.

Қазақ Мемлекеттік циркі алдында жиналған жарыс қорытындысында университетіміздің ректоры Ғалым Мұтанов сөз сөйлеп, жастардың жалыны ескен оқу ордасының сәлемін жолдады. Және қала әкімі А.Есімов туған күн иесі А.Винакуровқа өз сыйлығын табыс етті. Сондай-ақ, Илья Ильин де арнайы сыйлықпен және дипломмен марапатталды. Осы тұста қала әкімі Ахметжан Есімов Қазақ Мемлекеттік цирк алаңында жиналған жұртшылыққа:

- Алматы қаласы күніне орай ұйымдастырылып отырған бұл шараға

жиналған халыққа алғыстан басқа айтарым жоқ. Мен Алматы қаласына деген халықтың шын махаббатын білемін, түсінемін, сеземін, сезінемін. Сол себепті де, біз осы қаланың велокомандасын, велоклубын халықтың сүйіспеншілігіне бөленген ең танымал велошабандозшы, олимпиада ойындарының чемпионы Александр Винакуровтың атымен атауды жөн көрдік. Келесі жылы біз осы Алматы қаласында біркүндік деңгейі жоғары әлемдік велошабандозшылар турын өткізуді жоспарлап отырмыз. Енді, біз соған барынша дайындалуымыз қажет. Ең бастысы «Алматы - спорт қаласы», - деген мәртебелі атты иеленуін қалаймын. Осында келіп отырған екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин қазақ спорты тарихын жаңартушы, жаңғыртушы спортшы екендігін мақтанышпен айтқым келеді.Оның күш-жігеріне қарап мен оның әлі әлемнің төрт дүркін чемпионы болады деген сенемімді білдіргім келеді,-деді.