«Оразбаев оқулары» атты Халықаралық ғылыми конференциясы

16 сәуір, 2009

6 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті археология және этнология кафедрасында «Оразбаев оқулары» атты Халықаралық ғылыми конференция өтті. Аталмыш шара ҚазҰУ-дың 75 жылдығына арналған.

Әбдулманап Оразбаев - әл-Фараби ҚазҰУ-дың археология және этнология кафедрасының ұйымдастырушысы әрі алғаш меңгерушісі. ҚазҰУ-дың тарих факультеті - бүгінгі күні республикада археология және этнология саласы бойынша білікті мамандарды дайындайтын жалғыз орталық. Әбдулманап Медеуұлының қолқанатынан шыққан шәкірттердің қатарында Ж. Таймағамбетов, А. Төлеубаев, Е. Әжіғали, М. Елеуов, С. Жауынбаев, А. Қалыш, Б. Ысмағұлов, Н. Алдабергенов, А. Тоқтабаев сынды ғалымдар бар.

Конференцияда қазіргі таңда археология, этнология және мұражайтану ғылымында туындап отырған мәселелер мен осы бағыттағы жұмыстар жоспары талқыланып, «Оразбаев оқуларын» жыл сайын өткізіп тұру шешімі қабылданды.

Ғылыми конференция тас, қола, темір дәуірлері мен Қазақстанның ортағасыр археологиясы және этнологиясына арналған.

«Ә.М. Оразбаев оқуларының» ашылу рәсіміне ҚазҰУ-дың тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева, Ә.Х Марғұлан атындағы археология институтының бөлім меңгерушісі Арман Бейсенов, аталмыш институттың аға қызметкері Айман Досымбаева және еліміздің тағы басқа танымал антрополог, археолог, этнолог мамандары мен жетекші ғалымдары қатысты.

Конференцияға орай археолог ғалымдардың ғылыми жұмыстары мен археологиялық ескерткіштерінен тұратын көрме ұйымдастырылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі