"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі

20 қыркүйек, 2012
20 Қыркүйек 2012, 01:18
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Барманқұлов оқулары» аясында республикалвық ғылыми-практикалық конференция өтеді
АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті 23 қараша 2012 жылы көрнекті ғалым, көсемсөзші, түркітанушы Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың 75-жылдық мерейтойына арналған

М. Барманқұлов оқулары аясында «М. Барманқұлов - бұқаралық коммуникация ғылымының негізін қалаушы» атты тақырыпта республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізеді.

Бұл туралы жоғары оқу орнының ұйымдастыру комитетінен хабарлады.

Барманқұлов оқулары аясында М.Барманқұлов атындағы ҚазҰУ телерадиокешені ұйымдастыруымен өткен ІІ республикалық жас телерадиожурналистердің байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.

Биыл отандық телерадиожурналистиканың негізін қалаған, көсемсөзші, түркітанушы ғалым Марат Кәрібайұлы Барманқұлов 75 жасқа толып отыр. Көрнекті ғалым бүгінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеп жүрген журналистердің бірнеше буын өкілдерін тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Профессор-ғалым алғаш рет Қазақстанда Ғаламтор әлеміне есік ашты, бұқаралық медианың болашағы ғаламдық кеңістікте екенін атап кетті. Марат Барманқұлов - қазақ журналистикасы мен филологиясы, түркітану ғылымының өзекті мәселелеріне арналған еңбектердің авторы.

Ғылыми жиында Қазақстанда ақпараттық қоғам негіздерін қалыптастыру, жаңа медианың ұлттық және жаһандық ақпараттық кеңістіктегі орнын айқындау, сандық хабар тарату мәселелерін, ақпараттық технологиялардың дамуын бағалау, осы үдерістердің қоғамның өркениетті дамуына ықпал етуі талқыланады.

Республикалық конференция жұмысына бұқаралық коммуникация саласын зерттеуші ғалымдар, қазақстандық БАҚ өкілдері қатысады.