Жаңа медианы дамыту жолдары баяндалды
Жаңа коммуникациялық технологиялар әлемді ақпарат пен жаңалықтарды шексіз көлемде ұсынатын шынайы демократиялық ақпараттық құралдар кезеңіне алып келді. Инновациялар ақпаратты жаңаша қабылдап, әзірлейтін, тарататын жаңа медианың пайда болуына себеп болды.
Қазірде газет, радио, теледидар тәрізді дәстүрлі ақпарат құралдары жаңа жағдайларға бейімделуге тырысып жатыр. Мұның барлығы бүгінгі күнде «Жаңа медианы» құрайды. Бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған тақырыпқа орай 24-25 қыркүйекте, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті және факультет деканының орынбасары Қарлыға Мысаева мен АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығы ұйымдастыруымен «Дәстүрлі БАҚ-қа жаңа медиа» тақырыбында семинар өтті. Семинардың негізгі мақсаты- жаңа медианы қолданудағы стратегиялық әдістерді үйрету, сонымен қатар журналистика саласында қолданылатын практикалық құралдармен таныстыру болатын. Семинардың жүргізушісі Карл Идсвуг халықаралық мультимедиялық жаттықтырушы, кеңесші және АҚШ, Огаио штатындағы Кент Мемлекеттік университеті, Журналистика пәнінің мұғалімі болатын.
Осындай семинар еліміздің бас қаласы Астанада да ұйымдастырылады. Семинар барысында әлеуметтік медианы қолдана отырып, онлайн медианың қауіпі мен пайдасы, интерактивті сюжетті құруда әлеуметтік БАҚ-ты қалай қолдану, этикалық проблемалар, онлайн бейне, Skype түрінде сұхбат ұйымдастыру, өзінді және өзіңнің сюжетіңді қалай жарнамалау сияқты мәселелер қаралады. Қызығушылық танытқан журналистер осы семинардан «Жаңа медианың» қыр-сырымен танысты. Және қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сертификаттар табысталды.