1979 жылы Испанияның Торремолинос қаласында Бүкілдүниежүзілік туристік ұйымның Бас ассамблеясымен бекітілді. Осы жылдың 27 қыркүйегінен бастап әлем халықтары дүниежүзілік туризм күнін атап өтеді. Мереке алдыңғы жылы - Туризм мәдениеттерді біріктіреді деп аталса, биыл мерекенің жалпыға ортақ ұраны - Туризм және тұрақты энергетика. Бұл ұранды алғашқылардың бірі болып ұстанып, мерекелік шара өткізген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің георграфия факультеті рекрациялық география және туризм кафедрасы болатын.
Мерекелік іс-шараны география факультеті студенттері басқарды. Ал, оған факультет деканы г.ғ.д., профессор Виталий Сальников, туризм кафедрасының меңгерушісі Александр Артемьев, туризм кафедрасының профессоры, география ғылымдарының докторы Станислав Рамазанұлы, аға оқытушы Айдар Жұмаділов, «ЖасТур» Туризм мен Спортты дамыту Клубының президенті Алмасхан Абдикеримов және осы шараны ұйымдастыруға үлес қосып жүрген магистрант Азамат Бейсахмет және тағы басқа студенттер мен оқытушылар қатысты.
Дүниежүзілік туризм күніне арналған шараны география факультетінің студенттері жоғары деңгейде атқарып шықты. Биыл олар мерекеде электр қуатын үнемдеу жайында тереңірек сыр шертті. Және осыған орай арнайы көріністер де қойды. Кеш барысында 2,3,4 курс студенттері алғашқы курс білімгерлеріне арнап әсем әннен шашу шашып, қызыққа толы түрлі презентациялар көрсетті. Тіпті, былтыр ғана алтын ордасынан түлеп ұшқан түлектер де, бұл жолы қонақ ретінде келіпті. Олар да жас толқынға ақ тілектерін білдіріп, ақылдарын айтты.
Кеште туризм күніне қарай ұйымдастырылған Іле Алатауының Құмбел шыңына шығушы ҚазҰУ студенттеріне аға оқытушы А.Жұмаділов арнайы төсбелгілер таратты. Ескеретін бір жайт, бұл төсбелгілер тек «Құмбел» шыңына, яғни 3600 метрге шыққандарға ғана берілген болатын. Сондай-ақ, «ЖасТур» Туризм мен Спортты дамыту Клубының ұйымдастырымен «Мен Қазақстанда демаламын» атты тақырыпта өткен университеттік фотобайқауына қатысушыларды марапаттау да осы кеште өтті. Байқауға университетіміз бойынша 100-ден аса студент қатысқан. Бірі-бірінен асып түсерлік тамаша фотосуреттерді қазылар-алқасының бағалауы қиынға соғыпты. Байқауда сонымен үшінші орынға химия факультетінің 4 курс студенті Толқын Дүйсебаева, екінші орынды туризм кафедрасының 3 курс студенті Әділжан Болатов және бірінші орынды география факультетінің студенті Жакенова Гүлзат иеленді. Бірінші орын иегеріне Youth Travel» турфирмасының демеушілігімен сандық фотоаппарат берілді. Кеште сондай-ақ, факультеттің жоғарғы курс студенттер алғашқы курс студенттеріне арнап сый-сыяпаттарын да табыстады.