Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Заң клиникасы ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің Заң клиникасы қызмет көрсете бастады. Студенттер сенатының бұл жобасы Елбасы Жолдауындағы әлеуметтік бағыттардағы міндеттемелерді жүзеге асыру мақсатында құрылып отыр.
Заң клиникасы студенттерге, университет қызметкерлері мен Алматы қаласының тұрғындарына азаматтық құқық мәселелері төңірегінде тегін кеңес беруге бағытталған. Жұмыссыздықтың өсуіне байланысты жұмыссыздардың, сонымен бірге зейнеткерлердің сауатты заң кеңесін алуға қаржылық мүмкіндіктері болмайтынын ескерсек, студенттердің бұл жобасы айрықша маңызды. Факультет оқытушылары шәкірттерінің идеясын толықтай құптап отыр. Заң клиникасында азды-көпті тәжірибе жинақтаған факультеттің үздік жоғары курс студенттері мен магистранттары жұмыс істейді. Студенттер кейде күрделі сұрақтарға жауап бере алмай, кідіріп қалған жағдайда ұстаздары жандарынан табылып, бар көмегін беруге тырысады. Кеңестер қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық, еңбек, отбасы, тұрғын үй және әлеуметтік қамтамасыз ету құқықтары бойынша беріледі.
ҚазҰУ-дың даму және құқықтық мәселелері жөніндегі проректоры Нұрлан Ыбырайым университет басшылығы атынан студенттерді Заң клиникасының ашылу салтанатымен құттықтап:
- Студенттердің мұндай жауапкершілікті мойындарына артқаны біз үшін үлкен мақтаныш. Студенттеріміздің университет қабырғасында жүріп кәсіби тұрғыда өсуіне септестігімізді тигізгенімізге қуаныштымыз. Клиникада жұмыс істей отырып, студенттер мол тәжірибе жинайтын болады. Болашақта олардан кәсіби біліктілігі жоғары мамандар шығатынына сенеміз, - деді ол сөз соңында.
Заңгер-студенттердің айтуынша, олардың басты міндеті - заңнамалық сауалдарға жауап беру, түсіндіру, әрі тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Оқытушылардың сөзіне сүйенсек, студенттер үшін бірегей мүмкіндік туып отыр: осы клиникада жұмыс істей отырып, жас мамандар құқықтық мәселелерде туындайтын талас-тартыстардың шешу жолдарын іздеп, құнды тәжірибе жинақтайды.
Сонымен қатар заң клиникасының қызметіне студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік туғызу, жергілікті сот және басқа да құқық қорғау органдарымен әріптестік орнатудың нақты негізін жасау, қала тұрғындары, БАҚ және заң клиникасының арасындағы ақпарат алмасуды бір жолға қою да кіреді. Осы аталғандардың барлығы азаматтардың қажеттіліктеріне жедел жауап беру мен заңнаманы кеңінен насихаттап түсіндіру және арнайы іс-шараларды ұйымдастыру үшін қажет.
Студенттер заң клиникасының жеке сайтын ашып, «жедел желі» мен хаттарға арналған анонимді пошта орнатуды жоспарлап отыр. Ал әзірше олар заң әдебиеттерінің электронды базасын толықтырып, келген студенттер мен азаматтарға кеңестерін беруде.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі