Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де тілдер мерекесіне арнап 22-28 қыркүйек аралығындағы тіл фестивалі апталығы өткізілді. Жыл сайын ұйымдастырылып, бүгінде дәстүрге айналған фестиваль биыл ерекше атап өтілуде.
«Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде артық не бар екен!», – деген Елбасы Н.Назарбаевтың бұл сөзінен кейін, ана тілімізге деген құрметіміз одан әрі күшейе түспек. Рас, бүгінде қазақ тілінің аясы кеңейіп, өрісі өсіп, құлашы кеңге жазылып келеді. Бұл бірінші кезекте, тәуелсіздігіміздің, екіншіден, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғандығының арқасы. Осы күндері бастау алған іс-шара барысында 2012 жылдың 27 қыркүйек күні заң факультетінің 202 топ студенттері мен азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының «Фемида» клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан, елім деп, жерім деп, асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген ақиық ақындарымыз бен біздің студенттеріміздің шығармашылығына арналған «Өзіңді жүрмін ән қылып» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.
Кештің өткізілу барысы 2 негізгі бөлімнен тұрып, қазақтың ақиық ақындарының шығармашылығынан қара өлеңдер мен 202-топ студенті Ермек Атеновтің «Әкеге арнау», 311-топ студенттері Нұралы Мыңбаевның «Әжеге арнау», Әсел Тахташеваның «Ілияс Есенберлинге арнау» және кешке қонақ ретінде қатысқан №84 мектептің 9-сынып оқушысы Айгерім Досқожаеваның «Қазақ тіліне арнау» өлеңдері оқылды. Сонымен қатар кештің өту барысы сазды концерттік бағдарламамен ұштасты.