"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

11 қазан, 2012

«Айналаңды нұрландыр!»

11.10.12


Айналаңды нұрландыр!.. Бұл - Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеті мен «Айқын» газетінің бірлескен тағылымдық-тәлімдік жобасы. Кеше аталмыш оқу орнында «Айналаңды нұрландыр!..» жобасының тұсауы кесіліп, университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, академик, Қазақстанның ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткері, Ғалымқайыр Мұтанов осы жобаға сәйкес өзі басқаратын оқу орнының оқытушы-ғалымдарымен, ақын-жазушылармен және студенттермен кездесіп, адамгершілік, адами құндылықтар туралы жастарға берер ғибраты мол әңгіме-дүкен құрды.Ғалымқайыр Мұтанұлының айтуынша, жаңа жоба арқылы елі­міздің ертеңі саналатын сту­дент-жастарымызды бүгінгі қоғам­ның «жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуге» үйрету. - Шындығы керек, жастар арасында жасы үлкен адамды сыйлау, үлкенге құрмет секілді адамгершілік асыл қасиеттер жоғалып барады. Меніңше, мұның басты сыры, ата-бабала­ры­мыз ғасырлар бойы саф алтын­дай сақтап, бүгінгі күнге жеткізген асыл да қасиетті құндылық­тары­мызды кейінгі толқын жастардың білмеуінен болып отыр. Сон­дықтан мені соңғы кезде адам­гершілік секілді асыл қасиеттерді еліміздің болашағы деп жүрген студент-жастарымыздың бойына қайткен күнде сіңіруге бола­тындығы көп ойлантып жүр. Бү­гін міне, тұсауы кесіліп отырған «Айналаңды нұрландыр!..» жо­басы осындай ой-пайымнан туындап отыр. Қазіргі күні әдеби ортамен байланыс үзіліп барады. Мысалы, біздің студенттік шақта өзіміз өмір сүрген өңірдегі ақын-жазушылармен алуан түрлі кездесулер өткізіліп, жастар зор әсер алып, ғибраттанатынбыз. Бұл шараның басты мақсаты - студент-жастармен ашық әңгіме­лесе отырып, оларды халқымыз­дың тәрбиелік мәні зор асыл мұраларын терең түйсінуге бағыт­тау. Демек, «Айналаңды нұрлан­дыр!..» жобасының діттегені хал­қымыздың баға жетпес асыл мұ­раттарын жастарымыздың бойына сіңіру, - деді Ғалымқайыр Мұ­танов.

Ғалымқайыр Мұтанұлы сту­дент-жастармен кездесу бары­сында өзінің жүрек түкпірінен шыққан өлеңдерін оқи отырып, жиналған жұртшылыққа: - Әрбір адам ең алдымен, халқымыздың баға жетпес құндылықтары - алаш арыстарының ұрпаққа қалдырып кеткен шығармаларын оқып, одан үлкен ғибрат алғаны жөн. Мысалы, Ұлы Абайдың, Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсынұлының, Сәкен Сей­фуллин мен Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің, Сәбит Мұ­қановтың, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин секілді ұлт қаламгерлерінің шығармала­рынан нәр алған жастың өмірде адаспайтыны ақиқат. «Адам боп туу оңай-ақ, адам боп қалу көп қиын...» деп Қадыр ақын жырға қосқанындай, егер білікті де білімді маман, салиқалы азамат боламын десеңіздер, сіздер ұл­тымыздан шыққан шайыр­ла­ры­мыз бен жазушыларымыздың еңбектерін оқуды ұмытпаңыздар. Ұлы Абайдың «Қара сөздері» осында отырған әрбір жас үшін өмірлік бағдаршамға айналсын! - деп ағынан ақтарылды.
«Айналаңды нұрландыр!..» жобасы аясында өткен кездесуде Ұлықбек Есдәулетов, Ғалым Жайлыбаев, Өтеген Күмісбаев сынды ақындар студенттік шақта жазған жырларын оқып, жұрт­шылықты қуантты. Ал ҚазҰУ-дың ғылым жөніндегі проректоры Ті­лек­қабыл Сәбитұлы Рамазанов болса: - Мен осы ҚазҰУ-дың фи­зика-математика факультетінің түлегімін. Бүгін өзгеше сипатта өтіп отырған кез­десуге қатысып, ерекше нұрланып отырмын. Бұл кездесу менің есіме 1970 жылдың аяғы мен 80-жылдардың басында осы ҚазҰУ-де Оралхан Бөкеевпен, Жұмекен Нәжімеденов секілді ақын-жазушылары өткен ұмы­тылмас кездесуді санамда қайта жаң­ғырт­ты. Сол кездесуде Орал­хан өзінің әңгіме-повестерінен үзінділер оқыса, Жұмекен шуақты жыр­ларынан шашу шашқан-ды. Мұны айтып отырғаным, студент-жастар үшін ауадай қажет, кеудеге нұр құятын дәл осындай шуақты кездесу соңғы 30-35 жылда қара шаңырақ - ҚазҰУ-де өткізілмеген еді. Бүгінгі шырайлы кездесу оған қатысқан әрбір студент-жастың ертеңге деген сенімін арттыра түс­кені кәміл. Ең бастысы, жас­тар­ды адамгершілік пен парасат­тылыққа тәрбиелеу мақсатындағы «Ай­налаңды нұрландыр!..» жобасы­ның ғұмыры ұзақ болсын! - деп өзінің ой-пікірін жеткізді. Ғи­братты кездесу барысында сту­дент жастар дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Жас дәурен» және басқа да әндерді шабыттана шырқап, жиналған аға буын өкіл­дері мен замандастарын нұрлан­дырып жібергендей әсер қалдыр­ды бізге.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ