"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық саяси-күнделікті газет
Саясаттанушылар тілді дамытудың жолдарын ұсынды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінің саясаттану кафедрасы «Тіл аптасына» орай «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясаты: перспективалары мен проблемалары» атты іс-шара ұйымдастырып, оның аясында мемлекеттік тіл мәселесі талқыланды.
Іс-шараға бірқатар белгілі саясаттанушылар, атап айтар болсақ: «Ұлы Дала» қозғалысының жетекшісі Айдос Сарым, саяси сарапшы Расул Жұмалы, «Жас Отан» қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арман Халбеков, ҚХКП қалалық комитетінің идеология және жастар саясаты бойынша хатшысы Елнұр Бейсенбаев, ҚР Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Бақытжан Бұхарбаев, «Алаң» саяси ток-шоуының продюсері, саясаттанушы Нұрмұхамед Байғараев қонақ ретінде қатысты. Тіл мәселесін қонақтармен қатар, саясаттану кафедрасының студенттері де кеңінен талқыға салып, өздерінің ұсыныстарын айтып жатты. Студенттер екі топқа бөлініп, қазіргі таңдағы мемлекеттік тіл саясатына деген екі көзқарасты білдірді. Мысалы, «Феномен» тобы мемлекеттік бағдарламаларды қолдап, олардың табысты іске асып жатқанын тілге тиек етті. Ал «Аманат» тобы болса, керісінше, мемлекеттік тіл саясатын сынға алып, қазіргі таңдағы мемлекеттік тіл мәселесінің өзекті мәселелерін қозғады. Өз кезегінде сарапшылар қазақ тілінің дамымауына қазіргі таңда кірме идеологиялар әсер етіп отырғанын айта келе, қазақ тілін интернет арқылы дамытып, оны ғылым және қоғамның тіліне айналдыру керек деген ұсыныстарын білдірді. Саясаттанушы Н.Байғараев: «Қазақстанмен болашағын байланыстыратын азамат қана қазақ тілін үйренеді», – деп кесіп айтты.
Автор: Ермек САДИБЕКОВ