«Кәсіби қазақ тілін» кімдер оқытады?

21 қазан, 2012

Дөңгелек үстелге Алматы қаласы жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысып, төмендегідей бағыттар бойынша ғылыми – әдістемелік талқылаулар жасалды:

  • «Кәсіби қазақ тілінің» зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері;
  • Бәсекеге қабілетті студенттің коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастырудағы «Кәсіби қазақ тілінің» рөлі;
  • «Кәсіби қазақ тілін» міндетті пән ретінде оқытатын мамандар.

Дөңгелек үстелді мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісіпрофессор А. Салқынбай ашты. Өз сөзінде «Кәсіби қазақ тілі пәнінің» оқытылу барысы, қазіргі уақытта бәсекеге қабілетті маман даярлауда мемлекеттік тілді кәсіби тұрғыда меңгертудің өзектілігі жайлы айтып өтті.

Келесі кезекте мемлекеттік тіл кафедрасының доценттері С.Иманқұлова, Ш.Рамазанова, А.Жұмағұлова мен Р.Түсіпқалиеваның баяндамалары тыңдалды. Онда тілді мамандыққа қатысты оқытудың тиімді жақтары, осы бағытта дайындалған оқулық, оқу құралдарының сапасы, пәннің мазмұны, кәсіби бағдарлық оқытудың жүзеге асу жолдары сөз болды. Қазақстан-Британ техникалық университетінің Гуманитарлық пәндер кафедрасы меңгерушісі, ф.ғ.д. Ж.Дәулетбекова ғылыми негізі бар, көңілге қонарлық сөздер айтты. Ол «Кәсіби қазақ тілі» пәнін оқытуда студенттерге сөйлеу мәдениетін, ғылыми пайымдауға үйрету қажеттігін ескертіп, бұл қоғам алдында, болашақ алдында жауапкершілігі зор іс екенін атап өтті.

ҚР ҰҚК Академиясы мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. С.Қоянбекова мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, ф.ғ.д. М.Атабаева болашақ маманға өз мамандығы саласында мемлекеттік тілді қолдануын, оны кәсіби тұрғыда меңгеруі ауадай қажет екендігін, пәнді оқыту барысында оқулық, оқу-әдістемелік құралдардың сапасын арттыру керектігін, кәсіби бағдарлы сөздіктерді көбірек дайындау да артық болмайтындығын айтты.

Радиоэлектроника және байланыс әскери – инженерлік институтының оқытушысы, ф.ғ.к. Н.Исмагулова:

- Белгілі бір мамандықты дайындайтын кәсіби кафедрада мамандығына сәйкес көптеген пәндер оқытылатыны белгілі, ал «Кәсіби қазақ тілі» сол пәндердің қай модулына қосылуы мүмкін және оны кәсіби кафедраның қай пәнінен сабақ беретін маман жүргізе алады – деген ой тастады.

Осылайша үш сағаттан аса уақытқа созылған дөңгелек үстел барысында осындай өзекті де ауқымды мәселе талқыланып, мамандар өз пікірлерін білдірді.