Білім сапасын арттыру жолдары қарастырылды

25 қазан, 2012

25 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Орта Азиядағы жоғары білім берудің дамуы: сапаны қамтамасыз етудің, ақпараттың және саралаудың маңызы» атты аймақтық форумы өз жұмысын бастады. Ұйымдастырушылар: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Алматыда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің және IREG Халықаралық академиялық саралау мен үстемділік жөніндегі обсерваториясы.


Конференцияға ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М.М. Бүркітбаев, факультет декандары мен студенттер, магистранттар қатысты. Сонымен қатар, шетелдік жетекші мамандар және рейтинг пен ЖОО аккредиттеу бойынша ғалымдар қатысты. Олар: Ян Садлак - IREG Халықаралық академиялық саралау мен үстемділік жөніндегі обсерваториясы президенті (Франция), Джеро Федеркейл IREG обсерваториясы вице-президенті, жоғары білім беру орталығының директоры (Германия), Зоя Зайцева - QS (Quacquarelly Symond) халықаралық рейтинг агенттігінің Орталық Еуропа және Орталық Азиядағы (Ұлыбритания) аймақтық директоры, Вальдемар Сивиньски - IREG обсерваториясының вице-президенті, «Perspectywy» (Польша) білім беру қорының президенті, Ангела Юнг-Чи Хоу – Бағалау және жоғары білімді аккедиттеу кеңесінің директоры (Тайвань), Ашраф Дарвиш – ҚР-дағы Араб Республикасы Елшілігінің білім беру және мәдени жұмыстары бойынша атташесі, Хелван (Египет) университетінің профессоры, Максим Хомяков Орал федералды университеті халықаралық байланыс бойынша проректоры (Ресей).

«Рейтинг деген сөз, термин қолданысқа жаңадан еніп келеді. Ол кімге, не үшін, қандай жағдайда қажеттігі туралы бүгінгі форумда қарастырамыз. Қазіргі таңда халықаралық, аймақтық, ұлттық рейтинг агенттіктері бар. Білім саласындағы сапаны саралауда рейтинг керек, меніңше, рейтинг өте жақсы механизм.білім сапасын арттыра түседі деп ойлаймын», - дейді өз сөзінде ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М.М. Бүркітбаев.

IREG Халықаралық академиялық саралау мен үстемділік жөніндегі обсерваториясы президенті Ян Садлак баяндама жасап, онда сан әрқашан сапаға әкеле бермейді, әсіресе білімге келгенде талантты адамдарды тарта білу керектігіне тоқталды. ҚазҰУ-дың білім беру ісінде жетекші университет екенін айта келіп, өз тарапынан рейтингке байланысты туындап отырған проблемалар мен оның шешу жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, форум барысында рейтингтің қарқынды дамып, оның насихатталуы, әсіресе халықаралық басылым беттерінде ақпараттың толық болмауы туралы айтылды.

Форумды өткізу ҚР, ТМД және Орта Азия мемлекеттерінің жоғары оқу орындарының жетекшілеріне жоғары оқу орындарын әлемдік рейтинг үдерісіне қосылудың мәселелері жөнінде пікірлер мен маңызды ақпарат алмасып, ортаазиялық университеттер мен рейтингілік агенттіктер арасында серіктестік қарым-қатынастарды реттеуге мүмкіндік беруге орай ұйымдастырылып отыр.

Халықаралық форумның бағдарламасы жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың басшыларына, сонымен қатар рейтинг, аккредиттеу және сапаны қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын құрылымдық бөлімшелердің жетекшілеріне арналған. Халықаралық форум қатысушыларына жетекші мамандардың және шетелдік ғалымдардың дәрісінен сертификаттар берілді.