Заң факультетіндегі «Көңілді тапқырлар клубы»

2 қараша, 2012

2012 жылдың 1 қарашасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің 1, 2 және 3 курс студенттері арасында «Университет – менің туған үйім» тақырыбында көңілді тапқырлар клубының байқауы өтті.

Байқауға төрт команда қатысты: 107, 222, 311 және қыздар тобы. Әділқазылар құрамында з.ғ.д. А.С. Ибраева, з.ғ.к. С.Р. Ермұхаметова, тәрбие жұмысы жөніндегі департаменттің өкілі Ш.Е. Канафьева болды. Заң факультетінің барлық орыс топтарының студенттері өз командаларына жанкүйер ретінде қатысса, байқауға қонақ ретінде құрметті қонақтары факультет деканы з.ғ.д., профессор Д.Л. Байдельдинов, азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі з.ғ.д., профессор С.Т. Тыныбеков, з.ғ.к. М.О. Баяндина және з.ғ.к. А.С. Дощанова қатысты.

Студенттер зияткерлік мүмкіндіктерін ғана емес, сонымен қатар бойындағы өнерлерін де ортаға салды. Әсіресе шығыс биін билеген студенттер көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Әділқазылар алқасына жеңімпаздарды айқындау оңайға соққан жоқ. Байқаудың қорытындысы бойынша колледжден кейін түскен 2 курс студенттері 1 орын, 3 курс студенттер 2 орын, 1 курс студенттері 3 орынды иеленді. Университет қабырғасын жаңа аттаған 1 курс студенттері үшін бұл алғашқы және батыл қадам болды.

Кеш соңында заң факультетінің деканы з.ғ.д., профессор Д.Л. Байдельдинов студенттердің шығармашылық қабілеттерін арттыратын осындай шараларды дәрстүрге айналдыру болашақта үлкен жетістіктерге жеткізетінін атап өтті.