"Студенттер қатарына қабылдау" салтанаты
ҚазҰУ-да 1 курс студенттеріне арналған «Студенттік қатарға қабылдау» салтанатты кеші өтті
Ару қала Алматының құшағында орналасқан көрікті мекен ҚазҰУ қалашығына тағы да жаңа леп қосылды. Кеше ғана мектеп табалдырығында білім алып, үлкен арман әлемін шарлап, жоғары оқу орнына түссем деген ізгі ой қалықтаған буын, бүгінде студент атанып, арманның ақ тұлпарын мініп, білім әлемін шарлауға дайын тұр. Жас толқын жастардың жанарынан жарқын болашақ, үлкен арман-мұраттар байқалады. Бұл әсерге толы сәтке 21 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алаңында өткен 1-курс студенттеріне арналған «Студенттік қатарға қабылдау» салтанатында куә болдық.
Мерекелік іс-шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ректоры Ғ.Мұтанов, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ҚазҰУ түлектері арнайы қатысты. Салтанатты кеште алғашқылардың бірі болып сөз алған университеттің ректоры Ғ.Мұтанов:
-Қош келдіңіздер, құрметті 1-курс студенттері! Сіздердің келгендеріңіз жаңа толқын. Жаңа толқын алдыңғы толқыннан да биік болады.Сондықтан да, сіздердің білім жолындағы нәтижелеріңіз де биік болады деген сенемін. Демек, жаңа толқын, бұл үлкен айдын. Шалхар айдынның көлемі қандай үлкен болып келетіндігін байқасаңыздар, сіздер біздің университетімізді көрсететін үлкен айдынның айнасысыздар. Универсиет жыл сайын өзінің үлкен дәстүрін жалғастырып келеді. Қазіргі студенттер біздің мақтаныштарымыз. Әлемде тек үздік спортшылар ғана бақ сынай алатын дүбірілі олимпиадаға да , ел үмітін ақтауға шыққан мақтаныштарымыз да біздің университеттен шығып отыр. Мәселен, Лондондағы олимпиадаға ҚазҰУ-дан 11 студент лицензия жеңіп алып, спорттың әр түрінен қатысып қайтқан болатын. Соның ішінде әлем ректортын жаңартып, елімізге жеңіс сыйлаған Светлана Подобедова біздің университеттің студенті екендігін мақтанышпен айта аламыз.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстан білім қоғамы жолында" атты интерактивтік дәрісінде білім қоғамына қарай бағыт бұруды атап айтқан болатын. Бұл барлық әлемнің болашағы. Ертеңгі күн біліммен негізделеді. Біз білімге негізделген ел болуымыз керек.Жаһандану дәуірінде сіздер білімдеріңіз арқылы республикалық деңгейді емес, халықаралық, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті жастар болуларыңызды қалаймын.Бұл біздің жаһандық білім жолындағы басты мақсатымыз.
Біз университетімізде үлкен бизнес инкубатор бағдарламасын жасап отырмыз. Біз жас мемлекет болғандықтан, іргесін мықтап қалауымыз қажет. Сіздер мен біздер киелі шаңырақтамыз. Дүние жүзінде әл-Фарабидай ғұламаның атымен аталатын жалғыз университетпіз. Сондықтан біз осыны да мақтаныш тұтуымыз қажет. Республикадағы көшбасшы оқу-орнына түсулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, ақ жол болсын!»,- деп өз ойын жеткізді, жүректен шыққан ақ тілегін арнады.
Қабылдау кешінде ректор Ғ.Мұтановтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Айналаңды нұрлаңдыр!» идеясы жан-жақты таныстырылды. Бұл ҚазҰУ жастарының жаңа бастамасы ретінде универсиетімізде кеңінен қанат жайып келе жатқан жоба. Әр адам дара тұлға және әлемді нұрландыру үшін өз міндетін толық және дұрыс атқару идеяның басты мәні екендігін студенттер көркем қойылымнан анық түсінді. Және «ҚазҰУ-green campus» т.б. университетімізде өтіп жатқан акциялар мен жалпы ҚазҰУ-дағы білімгерлер өмірін сипаттайтын, бейнелейтін көркем композициялық би-қойылымдар көрсетілді. Университеттің әр факультетінен жиналған студенттер «Ғылым», «Толқын», «Спорт» композицияларымен қатысты.
Университет ректоры Ғ.Мұтанов дәстүрлі түрде университеттің халықаралық қатынастар факульетінің 1-курс студенті, ҰБТ-дан 120 ұпай жинаған «Алтын белгі» иегері Нұрсұлтан Орынбеков пен философия және саясаттану факультетінің 1-курс студенті, «Алтын белгі» игері Алина Игісіноваға салтанатты түрде «студенттік билетті» табыстады. Осы кезде:
Ал достар қосылып әнге нұрланайық,
Шаттықта жүрген қыз бен ұл болайық.
Арайлы болашаққа қол ұстасып,
Бәріміз аттанайық, бір болайық,-деген шумақ шуаққа бөлеп, ортада хор орындалды.
Қабылдау кешінде университеттің өнерлі жастары «Бастау» тобы, «КазГУград» әншілер тобы, философия және саясаттану факультетінің студенті Жарқынбек Қорғабай, эстрада жұлдыздары Руслан Мамытов, «Қыран» тобы және т.б. өнер әлемінің өкілдерінің әсем әндері мен мың бұралған бишлер билері мен «Фараби сазы» ұлт-аспаптар оркестрінің ерекше туындылары көрерменге қуаныш сыйлады. Мұны студенттер алаңына жиналған ҚазҰУ жастарының жарқыраған үндерінен, күлімдген күлкілерінен анық байқағанымыз рас. Кеш соңы би кешіне ұласты.