Ізгі іс – берекелі ұмтылыс

7 қараша, 2012

Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын Құрбан айт - Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды хақ деп білетін мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Ел тәуелсіздігі арқасында күннен күнге еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан жаңғыруымен қатар рухани және мәдени өреміз де көтеріліп келеді. Құдайға шүкір, халықтың талап-тілегі, Елбасының ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасының арқасында Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін болды.Алла тағаланың разылығы үшін мал шалынып, кең дастарқан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қазақстан жұртшылығына да ырыс пен береке әкелгей!

Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындауға мүмкіндік алады. Асылы, «құрбан» сөзі де араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалу ғана емес, Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.

Құрбан айт мейрамының халық арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі зор. Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастарқан жайылады. ҚазҰУ халықарлық қатынастар факультеті де игі істен қалыс қалмады. Факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттерінің ұйымдастыруымен өткен іс шара қасиетті Құранның аяттарын оқумен ашылды. Кейін ұстаздарымыз сөз алып студенттерге, әріптестеріне ақ тілектерін арнап,ізгі ниеттерін білдірді.Дәмнен алдырып, қойылған қазақы тағамдардан ауыз тиіп студенттер де өздерінің алғыс тілектерін жеткізді.Түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір жандардың басы қосылған дастархан мейлінше көңілді, әсерлі болды. Тіпті тәжік ұлтының өкілі Халықаралық қатынастар факультететінің 4 курс студенті Бекзот Икромов: « Бүгінгі қуанышты басқосу басқа күндерге ұқсамайды. Қазақ халқының қонақжайлылық қасиеті, салт-санасы, мәдениеті исламмен сабақтасып жатыр. Айттан айтқа жете берейік» деп ағынан жарылды. Ізгілікті шара қуанышымен ерекше. Ән де айтылды, күй де шертілді. Жаздай жадыраған жиналған қауымда тілек бір ғана: «Айттан айтқа жеткізсін!»