"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Алматыға келіп, атақты болды
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «1-курс таланттары» көркемөнерпаздар байқауының қорытындысы шығарылып, марапаттау рәсімі мен гала концерті өтті.
Байқаудың мақсаты - жалынды жастардың жас дәуренін текке өткізбеуін, жаман әдеттен аулақ ету, бос уақытын тиімді өткізу, өнермен қауыштыру.
Биылғы көркемөнерпаздар байқауының бірінші кезеңіне 1000-нан аса студент қатысып, факультеттер деңгейінде сынаққа түсті. Ал екінші кезеңге 300-ге жуық студент жолдама алды.
Кеш «жүзден жүйрік мыңнан тұлпар» деп танылған жеңімпаздарды марапаттаумен басталды. Университет ректоры студенттерді өнердегі жетістіктерімен құттықтап, алдағы уақытта да сәттілік тіледі. Сонымен қатар жеңімпаз студенттерді «Эстрадалық ән», «Халықтық би», «Заманауи би», «Классикалық би», «Музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігі», «Театр өнері», «Жас ақын» номинациялары бойынша әлеуметтік даму жөніндегі проректор Ш.Жаманбалаева, оқу жұмысы жөніндегі проректор У.Әбдібеков марапаттады.
«1-курс таланттары» байқауы көптің көңілінде қалар ерекшеліктерге толы болды. Әсіресе, әр түрлі халық билерін билеп, бірден көзге түскен дарынды бишілер аз болмады. Биология және биотехнология факультетінің студенті Ләззат Үмбеталиева балет жанрындағы «Испан биі», Философия және саясаттану факультетінің «Танго» биі, Экономика және бизнес мектебінің «Mіls Team» би тобының спорттық-балдық билерін ерекше айтуға болады.
Фестиваль аясында аспапта ойнау шеберлігімен көзге түскен студенттердің саны 100-ден асты. Соның ішінде өздерінің қызға тән қылығымен, аспапта ойнау шеберлігімен география және табиғатты пайдалану факультетінің студенті Тойлыбаева Жазира А.Исаковтың шығармасы «Қазақ әуендерін» орындады. Ал «Бақыт» би-ансамблінің жаңа құрамы «Сирия» биін тарту етті. Сондай-ақ өзінің зор дауысымен «академиялық ән» номинациясының жеңімпазы Химия және химиялық технология факультетінің студенті Кенжебеков Ахметханның орындауындағы «Подмосковные вечера» әніне және Нұрхан Өмірхан мен Байшина Фаризаның орындауындағы халық әні «Илигайға» көрермендердің қошеметі зор болды. Кеш барлық жиналған қауымға қуанышты көңіл-күй сыйлап, таланттардың талабына ризашылық танытты.
Әйгерім Әлімжанова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Студенттер клубының жетекшісі