Еліміздің түкпір-түкпірінен мектеп оқушылары «ҚазҰУ пәндік олимпиадаларының» жабылу рәсіміне жиналды

28 сәуір, 2009

Биылғы жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «ҚазҰУ пәндік олимпиадалары» атты жаңа жоба бастау алған. Университеттің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отырған бұл жоба оқу ордасының студенттер контингентін қалыптастырудың жаңа тұжырымдамасына сүйенеді. Қазақ ұлттық университетінің ең үздік профессорлары дарынды, зерек, ғылым мен шығармашылыққа икемді жастарды іздеу мақсатында 180 мың шақырым жол жүрді. Олар мектептің үздік түлектеріне Алматыға келмей-ақ ҚазҰУ-ға түсу мүмкіндігін беру үшін Қазақстанның 14 облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларында болып қайтты. «Пәндік олимпиадалар» жобасының арқасында әрбір қазақстандық оқушы тұрғылықты жері, материалдық және әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуға қолы жете алады.

«ҚазҰУ пәндік олимпиадалары» өз мәресіне жетіп, 18 сәуірде Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында жабылу рәсімі өтті. Онда ҚР барлық аймақтарынан білім беру басқармаларының директорлары мен «Пәндік олимпиадалардың» 2160 жеңімпазы шақырылды. Жалпы пәндік олимпиадаларға еліміздің 500 мектебінен 5950 оқушы қатысып, оның 548-і - бірінші, 692-і - екінші, 866-ы үшінші орынға ие болды.

«ҚазҰУ пәндік олимпиадаларының» негізгі мақсаты - дарынды балалардың қабілеттерін дамытуға бар жағдай жасау, білімге үгіттеу, оқушылардың шығармашылық икемін дамыту.

Пәндік олимпиадалардың жабылу рәсімінде ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректоры Мұрат Орынханов жеңімпаздарды құттықтап, оларға ақжол тіледі.

- ҚазҰУ пәндік олимпиадалар арқылы мектеп түлектерінің оқуға деген қызығушылықтарын өсіруге, шығармашылық мүмкіндіктерін шыңдауға тырысады. Оқушының кәсіби бағытта ерте бастаған жұмыстары өзінің мүмкіндіктері мен білімнің қай саласына икемі бар екендігін жақсырақ түсінуге ықпалын тигізеді. Биылғы жылы университеттің студенттер қатары ең дарынды, зерек және ойы ұшқыр жастармен толығады деген сенімдеміз, - деп түйіндеді ойын өткен олимпиада ұйымдастырушыларының бірі.

Жабылу рәсімінде қызық мәліметтер белгілі болды. Қазақстанда математика ғылымын жанына серік еткендер көп екені анықталды. ҚазҰУ статистикасы бойынша, 514 оқушы пәндік олимпиадада есеп-қисапқа икемділігін танытты. 634 оқушы қазақ, орыс тілдері және әдебиет пәндерінен күш сынасты. Тіл ілімін меңгеруге тырысқандар 5000 парақ қағаз жазып, ҚазҰУ профессорлары бұл туындыларды оқуға 18 күн, 432 сағат, 25920 минутын арнады. Пәндік олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші оқушы география және биология пәндерін сүйетіндерін дәлелдеді. Жалпы пәндік олимпиадаларға қатысқандардың жартысынан көбі жоғары білім деңгейін көрсеткені қуантарлық жәйт.

Оқу жұмысы жөніндегі проректор М.К. Орынханов және ҚазҰУ факультеттерінің өкілдері жеңімпаздарға сертификаттар табыс етті. Бұл сертификат иегерлері ҚазҰУ-ға тапсырғанда бірқатар артықшылықтарға ие болмақ. Сонымен қатар «Дарын» республикалық байқауы, ҮІІІ «Жібек жолы» Математикалық Олимпиадасы, ХХІ Азиялық-Тынық мұхит Математикалық Олимпиадасы, Республикалық олимпиада жеңімпаздары да ҚазҰУ-дың 200 сертификатының иегерлері атанды.

Салтанатты жабылу рәсімнен кейін қонақтар ҚазҰУ жетістіктерінің экспозициясы, ҚазҰУ факультеттері және ҒЗИ-мен танысып, ҚазҰУ КВН тобы мен студенттерінің шағын концертін тамашалады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі