"Түркістан" республикалық апталық басылым
«ГЕОИНФОРМАТИКА»
халықаралық магистрлік бағдарламасы ашылды
ҚазҰУ-нің география және табиғатты пайдалану факультетінде «Geoinformatics: Managing energy, resources, environment» TEMPUS IV жобасы бойынша «Геоинформатика» халықаралық магистрлік бағдарламасы ашылды. Бағдарлама ашылуында сөз алған ҚазҰУ-нің бірінші проректоры М.М.Бүркітбаевтың айтуынша, Еуропалық одақпен бірлесу нәтижесінде ашылған халықаралық магистрлік бағдарлама – білім ордасы үшін халықаралық тәжірибе алмасу мен инновациялық кеңістікке айналдыратын үлкен мүмкіндік.
«TEMPUS IV жобасы өз кезегінде академиялық ұтқырлық деңгейін арттырады. Сонымен қатар бұл жобаға қатысуда жастарымызға ағылшын тілін үйренуге үлкен мүмкіндік туады. Жоба әр бір азаматты ынталандыруда болашаққа апарар жол», – дейді бірінші проректор. Аталмыш бағдарлама Орталық Азиядағы 7 университеттің бірлескен әріптестік негізінде құрылған. Шараға Қазақстандағы жобаның Ұлттық үйлестірушісі Ш.Ө.Тасболатова, Зальцбург университетінің Геоинформатика және ГАЖ орталығының директоры, «Geoinformatics: Managing energy, resources and environment» TEMPUS IV жобасының үйлестірушісі (Австрия), профессор Д.Стробл, География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы В.Г. Сальников, География және табиғатты пайдалану факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыстар мен халықаралық байланыстар бойынша орынбасары С.С.Түгелбаев, География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының меңгерушісі Г.Н.Нүсіпова, Геоинформатика және картография кафедрасының доценті, г.ғ.к. Н.Н. Керімбай және т. б қатысты. Шара барысында сонымен қатар «Геоинформатика» халықаралық магистрлік бағдарламасының зертханалық сыныбы салтанатты түрде ашылды.
Айнұр Ақынбаева