ҚазҰУ студенті қазақ тілі білгірлері атанды

13 желтоқсан, 2012

2012 жылдың 11 желтоқсан күні Достық үйінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тіл комитеті және Қазақстанның Орыс Қауымының ұйымдастыруымен «Тіл– халық жанын танудың кілті» тақырыбында қазақ тілі білгірлерінің VI республикалық байқауы өтті. Байқауға мемлекеттік тілімізді жетік меңгерген еліміздің әр облысынан келген орыс ұлты өкілдерінің жастары қатысып, білімдері мен өнерлерін көрсетті.

Аталмыш іс-шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің 3-курс студенті Юрченко Александра қатысып, жүлделі 3-орынды жеңіп алып, арнайы дипломмен, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ Александраның жетекшісі, ф.ғ.к., дипломатиялық аударма кафедрасының доценті С.Б. Бөрібаева қатысушыны дайындағаны үшін, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тіл комитетінің сертификатымен, сыйлықтармен марапатталды. Қатысушылар өз білімдері мен өнерлерін 5 номинация бойынша көрсетті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Елшісі М.Н. Бочарников, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның бас редакторы, жазушы, қазылар алқасының төрағасы Дидар Амантай қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.