Елбасы Жолдауы – жастарды қолдауы

15 желтоқсан, 2012

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын арнады.Бұл жылғы Елбасы Жолдауы 2050 жылға қарай қуатты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру идеясымен ерекшеленді. Расында, 2030 жылға жасалған жоспарлар өз мерзімінен бұрын орындалып, стратегияның қабылданар кезінде күмән келтірген халыққа мақсаткерлік нәтижесін дәлелдеп қана қоймай, еңбектеріне жаңа серпіліс беріп, жүректеріне жарқын болашаққа деген сенімді ұялатты десем артық айтпаспын. Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енуге бір қадам қалған шақта Елбасы бұл жетістіктердің барлығын мемлекет азаматарының еңбегі деп білетінін атап өтті. Сонымен қатар, ел болашағын қалыптастырып келе жатқан жас буын ұрпаққа: «Сендер - болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер»-деп жас жеткіншектерге ел болашағының жауапкершілігін жүктеді.

Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде білім, тәрбие алып жатқан жастардың азат ойлары мен кемел білімі еліміздің одан ары дамуына жұмсалуы тиіс. Адам баласының басты құндылықтары болып табылатын ерік-жігер, еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерін бойына сіңіріп өскен ұрпақ бәсекеге қабілетті жас тұлға болатыны әбден анық. Ал, ол өз кезегінде бәсекеге қабілетті мемлекеттің айқын белгісі. Ұлы тарихқа ие еліміздің дамуы жастар қолында!