Жолдау аясындағы жаңа жоба

19 желтоқсан, 2012

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан–2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауына өзіндік үн қосты. Университеттің оқытушы-профессорлық құрамының қызу қолдау көрсеткен лебіздері баспасөз беттерінде жарияланып үлгерді. Алайда жолдауды терең түсініп, кеңінен саралауға арналған ректорат мәжілісі 19 желтоқсанда өтті.



Жиында Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары жөніндегі проректорлар хабарламалары тыңдалды. «Жақында ғана Елбасы әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кіруді мақсат етіп қойған болатын. Енді бүгін, міне, алдымызда дамыған 30 елдің сапында болу міндеті тұр. Мемлекеттің инновациялық тұрғыдан дамуы үшін ірі университеттердің атқаратын қызметінің орны зор екені анық. Елбасы Жолдауда көрсеткен әдіс-тәсілдерді біз бүгінгі күні сәтті жүзеге асырудамыз. Бізде орталықтандырылған басқару жүйесі бар, ұжымдық ой бар, бизнеске деген дұрыс бағдар бар, рейтингтік жүйе бар. Ендеше, еліміздің алдында дамыған 30 елдің қатарына ену мақсаты тұрса, біздің меже – заманауи зерттеу университеті болу», – деді өз баяндамасында бірінші проректор Мұхамбетқали Мырзабайұлы.

Сондай-ақ мәжілісте сөз алған проректорлар елімізге тың серпін берген Жолдаудың негізгі 7 бағыты бойынша университет атқаруға тиіс іс-шаралар жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді. Олар Жолдауда білім мен кәсіби шеберлікке, экономиканың тұрақты дамуына, ұлтаралық келісім мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты нақтылы міндеттер қойылғанын атап өтті. Ректор Ғалым Мұтанов қара шаңырақ ҚазҰУ-дың табыс көзі болып, ел игілігіне айналуы үшін актив мәселесіне көңіл аудару керектігін баса айтты. Сонымен қатар Қазақстан қоғамының жағдайына барлау жасалып қана қоймай, ғаламдық ауқымдағы өзекті мәселелерді қамтыған стратегиялық бағдарламаның шетелдік саясаттанушылардың да назарына бірден іліккені тілге тиек етілді. XXI ғасырдың он жаһандық сын-қатері туралы болжамдар мен тұжырымдар хақында ой қозғалды. Ендеше, жаңа бағдарлама еліміз орындауға тиіс нақтылы істердің бағыт-бағдары болса, осы Жолдау аясында ҚазҰУ оның әр бағытынан туындайтын өз мақсаты мен міндеттерінің жоспарын жасамақ.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі