Қазыналы ҚазҰУ қариялары бас қосты
Қай заманда болсын қариялардың қазақ қоғамында алар орны өзгеше болған. Бүгінгі жаһандану дәуірінде де ақсақалдар сөзі салмақты, мәнді, маңызды. Халқымызда «Қариясы бар үйдің, Қазынасы бар деген» сөз бар. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы ұлағатты берік ұстанған. Осы орайда, 26 желтоқсан күні ақсақалдарға құрмет көрсетіп, олардың теңдессіз ақыл-кеңесін тыңдауға жол ашқан Ақсақалдар кеңесінің басқосуы өтті.
Игі үрдіске айналған Ақсақалдар кеңесін университет ректоры Ғалым Мұтанұлы ашты. «Университетіміз үшін биылғы жыл сәтті аяқталды. Қол жеткен жетістіктер мен атқарылған істер жайлы Сіздерге есеп беруді міндет санаймыз», - дей келе, ардагерлеріміздің өмірлік және кәсіби тәжірибесінің құндылығын баса айтты. Университеттің 2012 жылғы қызметінің басты нәтижелері мен қорытындылары жайлы бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев баяндады. Туған университеттің тыныс-тіршілігі жайлы ұйып тыңдаған қариялардың жанарынан қуаныш оты сезілді. Оның жетістіктері қариялардың бойына қуат беріп, жігерлендіре түскендей. Сұлтан Сартаев бастаған кеңес мүшелері шын жүректен өз ризашылықтарын білдірді. Сонымен қоса, ұсыныстары мен ескертулерін де жеткізді. География және табиғатты пайдалану факультетінің ардагері Сәкен Қаламқалиұлы студенттердің жаңа ақпарат алуы үшін Қазгидрометпен серіктестікті жолға қою керектігін айтты. Философия және саясаттану факультетінің ардагері Михайл Пузиков тәрбиеге, әсіресе жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге баса назар аударуды кеңес ете отырып, рейтингтік жүйенің жұмысын жетілдіре түсу қажеттігін қосты. Ал, тарих, археология және этнология факультетінің ардагері Уахит Хамзаұлы өз сөзінде қазақ ұлттық тарихының оқытылу үрдісі жөнінде мемлекеттік деңгейдегі мәселені қозғады. Ректор Ғалым Мұтанұлы бұл сұрақтың маңыздылығын айта отырып, Уахит Шәлекеновтің зерттеуіне түрік ғалымдарының қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Биология және биотехнология факультетінің ардагер ұстазы Майя Шығаева мұндай ақсақалдар кеңесінің басқа ЖОО-ларға үлгі екендігін айтып, қариялар көзқарасы, пікірі топтастырылған жинақ шықса, ол жастардың қолына тисе деген тілегін білдірді. Университет басшысы және кеңес мүшелері ұсынысты қызу қолдады. Кеш соңында қария Ғаббас Жұматұлы ақ батасын берді. Сондай-ақ басқосуға құрметті ардагерлер Зұлқайыр Мансұров, Хабибулла Оспанов, Валентин Ни, Серік Оспанов Кеңесбай Қожахметұлы, Өтеген Күмісбаевтар қатысты. Университет тарапынан ақсақалдарға сыйлықтар ұсынылып, кеңес мүшелері естелік суретке түсті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі