ҚазҰУ мен UCL білім беру және ғылыми байланыстардың мониторингі жөнінде келісімге келді

5 мамыр, 2009

2009 ж. 27 сәуірде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Лондон Университет-Колледжінің (UCL) проректоры профессор Майкл Уортон арнайы сапармен келді.

Профессор Майкл Уортонның бұл сапары ҚазҰУ мен Лондон Университет-Колледжі арасындағы байланысты әрі қарай нығайтуды және екі ел арасындағы ғылыми және мәдени әріптестікті жалғастыруды көздеп отыр.

ҚазҰУ ректоры академик Б.Т. Жұмағұлов қонақпен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен британдық білім беру орындары, атап айтқанда Лондон Университет-Колледжі арасындағы әріптестіктің бағыттарын талқылап, Болон үдерісіне енудегі университет жетістіктері жөнінде әңгімелеп берді.

Профессор Уортон әлемдік университеттер рейтингінде 7-нші орында тұрған және Кембридж, Оксфорд университеттері мен UCL-ден құралған атақты «Алтын үшбұрышқа» кіретін Лондон Университет-Колледжі Қазақстанның жетекші университетімен жемісті әріптестік орнатуға мүдделі екенін білдірді.

Басқосу барысында оқытушылармен алмасу, студенттік мобильділік, білім беру бағдарламаларының ұқсастығы, халықаралық бағадарламаларды меңгеруге жеткілікті деңгейде ғалымдар мен студенттердің ағылшын тілін үйренуі туралы пікір алмасты.

Әріптестіктің басқа маңызды бағыты негізгі қатысушылары бір жағынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары, екінші жағынан британдық ЖОО ғалымдары болатын ғылымның әр түрлі салалалары бойынша бірлескен іргелі зерттеулер жасау болып отыр.

Өзара тиімді интеграцияның тағы бір саласы - екі дипломды бағдарламаларды игеру, ол үшін университетте барлық жағдай жасалған, оның негізгісі еуропалық, оның ішінде британдық оқу жүйесіне сәйкес «бакалавриат-магистратура-PhD докторантура» ғылыми кадрларды дайындау үш сатылы жүйесіне ауысу мен оқыту, университеттік білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредитациялау процесі және т.б. болып табылады.

Кездесуде сөз болған маңызды әрі қызықты ұсыныстардың бірі UCL-де қазақ тілін үйренуге арналған арнайы топ ашу. Бұл мақсатта Қазақ ұлттық университеті барынша ғылыми және әдістемелік қолдау көрсететініне даяр екенін білдірді.

Өзара сенім мен іскерлікті басшылыққа алған кездесудің нәтижесінде екі жақ та талқыланып отырған мәселелерде түсіністікке қол жеткізіп, британдықтардың тарапынан бірқатар ұсыныстар түсті. Айтап өтер болсақ, UCL-де қаза тілін үйрету туралы ой қолдау тауып, докторантурадан кейінгі білім беру бағдарламалары, өзара әріптестіктің тұрақты мониторингі талқыланды.

Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Ғалымдар кеңесі залында проф. М.Уортонның «Білім беруді интернационализациялау» тақырыбында дәрісі өтті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі