ҚазҰУ-да Францияның белгілі ғалымы А. Фишлердің дәрісі басталды
2012 жылдың 17 – 19 қыркүйек аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде Францияның құрметті профессоры, Академиялық Пальма орденінің, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік және келісім сыйлығының иегері, Орталық Азия мен Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетін зерттеуші көрнекті ғалым, белгілі абайтанушы Альберт Фишлер Орталық Азияның мәдениеттануы мен әдебиеттануы бойынша дәрісін бастады.
Бүгінгі дәрісі «VI ғасырдан XIX ғасырға дейінгі Орталық Азиядағы отырықшы және көшпелі халықтардың кездесуі» тақырыбы төңірегінде өтті. «Біз Франция туралы айтқанда, Франция Қазақстаннан 5 есе кіші. Мен батыстан қазақ халқының мәдениетімен танысуға, сезінуге арнайы келдім. Бұндай зерттеулер сонау VI ғасырдан бері зерттеліп келе жатқан дәстүр деуге де болады. Батыс зерттеушілерін көшпелі халықтың таңқалдыруы, кереметтілігі бірігіп интеллектуалды қызығушылықты құрды», - деп атап өтті өз сөзінде Альберт Фишлер. Сондай-ақ, өз әскерімен Александр Македонский түрік жерінде болғанын, оған ақын Абай «Ескендір» поэмасын арнауынан да белгілі екендігін де айта кетті. Альберт Фишлер әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауиді зерттеп жүрген ғалым болып табылады. Келесі дәріс тақырыптары: «Ортағасырлық түркі дүниесінің екі көрнекті интеллектуалы – әл-Фараби және Иасауи», «Дала: айырмашылықтар мен ұқсастықтар мекені, Қазақстан мысалында».
Философия кафедрасы