"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі

23 қаңтар, 2013
23 Қаңтар 2013, 14:19
Алматыда халықаралық деңгейде жасанды интеллект және робот жүйесіндегі өзекті мәселелер талқылануда
АЛМАТЫ. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақ-Үнді-Америка жобасы аясында «Жасанды интеллект және робот жүйесіндегі өзекті мәселелер» атты II Халықаралық оқу семинары өз жұмысын бастады.

Механика-математика факультетінің деканы Д. Ахмед-Закидің айтуынша, бұл шара жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға арналған. Ол еңбек жолын енді бастап келе жатқан жас магистранттар мен докторанттарға өз біліктіліктерін арттырып, білімдерін тереңдетуге көмектесіп, ғылыми ізденісте бағыт-бағдар бермек.

«Бұл ғылым енді ғана дамып, жаңадан қалыптасып келеді. Осы орайда жоба аясында тәжірибе алмасудың болғаны жақсы. Екіжақты байланысты арттырып, біліммен бөлісу өте қажет. Сіздердің студенттеріңіз ағылшын тілін жетік меңгергенін байқап отырмын, өте білімді жастардың барына сенімдімін. Бұл сала бойынша мамандарыңызбен танысып, байланыс орнатсақ деген ниеттемін», - дейді Арканзас университетінің PhD докторы, Acxiom корпорациясының мәліметтерді интеллектуалды талдау, машиналық тәсілде оқыту және мәліметтерді басқару жөніндегі кеңесшісі, профессор Сяовей Сюй.