Әлеуметтік жетімдіктің құқықтық аспектілері
Ағымдағы жылдың 7 ақпанында заң факультетінде студенттердің қызығушылығы бойынша құрылған «Консенсус» клубының кезекті отырысы өтті. «Надежда» балалар үйінің директоры Г.А. Абдрахманова, Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы З.Н. Сағынаева және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінің өкілі Ш.Е. Канафьева кешке қонақ ретінде қатысты. Жаңа жылға дейін заң факультетінің 1, 2, 3 курс студенттері қайырымдылық шаралар өткізу мақсатында Алматы қаласының бірнеше балалар үйіне барған еді.
Студенттердің алған әсері әралуан, сондықтан олар «Әлеуметтік жетімдіктің құқықтық аспектілері» тақырыбына, яғни өздерін толғандырған сұрақтарды талқылауды, ақиқаттың астарын іздеуді, немесе осы күрделі мәселені қалай шешу керектігі туралы ойларын ортаға салды. Студенттердің көкірегіне түйіткіл болған сұрақтар: Неге баласы жоқ отбасылар бала асырап алу үшін ұзын сонар кезекте тұрады, тастанды балалар неге көп және оларды не үшін тастайды. Студенттер Файзуллаева А., Ақпаева Н., Алимжанова М., Ягмусова А., Саутнер А. және Ильяшева Д. балалар үйіне барған кезде түсірілген бейнесуреттерден слайдтар жасап, қышқаша баяндамалар жасады. Клуб мүшелері мен отырысқа қатысқан бірінші және үшінші курс студенттері арасында баланы дүниеге әкелу және оны тәрбиелеу мәселесіндегі жастардың жастардың жауапкершілігі туралы қызу пікірталас туындады. Студенттер өз пікірлерімен бөлісіп қана қоймай, басқа мемлекеттердің тәжірибесін, оның ішінде некеге дейін жыныстық қатынасқа түсуге тыйым салынатын араб елдерінің тәжірибесін қолдану сияқты нақты ұсыныстар жасады. Сондай-ақ талқылауға азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының оқытушылары Худайбердина Г.А., з.ғ.д. Межибовская И.В., аға оқытушы Кусаинова А.К. қатысты.
«Консенсус» клубы