«Ғылым әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың ІІІ Халықаралық конгресі

12 мамыр, 2009

2009 ж. 28 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 23-28 сәуір аралығында өткен «Ғылым әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың ІІІ Халықаралық конгресі қорытынды пленарлық отырыспен өз мәресіне жетті. Конгрестің жабылуында қорытындылар жасалып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.

Конгресс студенттердің ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыру және студенттердің шығармашылық әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету мақсатымен ұйымдастырылған болатын.

- Конгресс жаңа дәстүрлердің іргетасын қалауға, таңдауымыздың дұрыс екендігіне сенімділікті бекіту үшін негіз болмақ. ҚазҰУ еліміздің дарынды жастарының бойындағы шығармашылық потенциалды толық жүзеге асыру үшін мүмкіндік беруге әзір. Біз ғылымға икемді жастарды іріктеп, қазіргі уақыттың үздік идеяларын айналымға енгізуді көздейміз, - деді ҚазҰУ ректоры академик Бақытжан Жұмағұлов өз алғысөзінде.

Студенттер мен жас ғалымдардың Халықаралық Конгресі мұндай кең ауқымда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Оның ауқымы мен географиясы шын мәнісінде таңғалдырады. Конгреске қатысуға Қазақстан Республикасы және шетелдік ЖОО-дан 5000 астам жас ғалым шақырылды. Бұл форумда М.В. Ломоносов атындағы ММУ, Мәскеу авиация институтының «Восход» бөлімшесі (Байқоңыр қаласы), Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, ҚБТУ, ҚазҰАУ, ҚазМЗУ, Д. Қонаев атындағы Университет, АТУ, Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ, т.б. жас ғалымдар бас қосты.

Ректордың айтуынша, «Ғылым әлемі» Конгресі ғылым мен білімнің қарашаңырағына айналған ҚазҰУ-да өтуі кездейсоқ емес. Қазіргі ғылымның басты бағыттары бойынша іргелі зерттеулер дәл осы жерде белсенді түрде дамып, ЖОО ғылым, мәдениет, білім беруге елеулі үлесін қосуда. Университетте студенттердің ғылыми қызметін ынталандыру жүйесі жолға қойылған. Жоғары импакт-факторы бар шетел басылымдарында басылған материалдары үшін студенттер мен жас ғалымдар профессорлық-оқытушылық құраммен бірге сыйақылармен марапатталады. ҚазҰУ студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын қадағалау үшін Студенттер ғылыми-зерттеу жұмыс кеңесі, Ғылыми студенттік қоғам (ҒСҚ), Жас ғалымдар кеңесі жұмыс істейді. ҒСҚ-ның 1948 жылы негізі қаланып, қазір химия факультетінің 3 курс студенті Дәрия Қансейітова оған жетекшілік етуде.

Конгресс барысында студенттер мен жас ғалымдар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұсыну, ғылыми жұмыстарды жасау тәжірибесіне ие болды. Жалпы Конгрестің 100 секциясында теориялық, эксперименталдық және қолданбалы сипаттағы жұмыстар, сондай-ақ ғылымның әртүрлі салалары бойынша ғылыми жаңалықтар қойылды. Студенттер сарайының фойесінде университет студенттерінің және жас ғалымдардың ғылым саласындағы жетістіктер көрмесі ұйымдастырылды.

Конгресс аясында университеттің 75-жылдығына арналған ҚазҰУ тарихын білу бойынша 482 студент қатысқан жалпыуниверситеттік байқау және 25 республикалық студенттік пән олимпиадалары өтті. Олимпиадаларда 1128 студент күш сынады.

Студенттік қозғалыстың құрамдас бөлігі ретінде жас ғалымдардың Конгресі студенттік-конструкторлық бюро, бизнес-инкубатор, дебат-клубтардың пайда болып, еліміздің студенттік ұйымдары арасындағы байланыстарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз.

ҚазҰУ-дің Баспасөз қызметі