"Дала мен қала" қазақстандық қоғамдық-саяси апталық

20 ақпан, 2013

МЕДЕУГЕ БАРДЫҢ БА?

Медеу – Алматының төңірегінде, Кіші Алматы өзенінің жағасын­дағы мұзайдыны. Теңіз деңгейінен 1,691 метр биіктікте орналасқан ол әлемдегі ең атақты мұзайдын­да­рының қатарында. Медеу 10500 ш.м. жерді алып жатыр және ол өзіне 10500 көрерменді сыйғыза алады. Бұл әсем табиғат ортасында орналас­қан алақандай мұзай­дынына берілген ресми сипаттама ғана.

Ал, осынау сұлулықтың қақ төрінде орналасқан кешенге қыста барып, сырғанақ теуіп, салауатты өмір салтын ұстанғанға не жетсін! Күні кеше ғана «Медеу» мұзайдынында жастар арасында саламатты өмір салтын кеңінен насихаттау мақсатында, «Саламатты өмір салты» жобасының негізінде, сонымен қатар спорттық-сауықтыру орталықтарында уақытты тиімді өткізу үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдары комитеті және Алматы қаласы Жастар саясатының басқармасы мұзайдынға бару үшін ҚазҰУ жастарына үлкен жеңілдіктер жасады. Қос таудың құшағында орна­ласқан сұлу мекенде спортпен шұғылда­нуға жеңілдік жасаған басқармаға жастар жағы да дән риза. Бұл іс-шараға универ­ситеттен 60-қа жуық студент қатысты. Олар бес сағат көлемінде мұзайдында уақыттарын көңілді өткізді. Студенттердің бірі мұз­айдынымен жаңа танысып жатса, келесі бір топ же­ңілдіктерді пайдаланып, сырғанақ тебуге барынша дайындалып келген. Көңілді, ырғақты әуен аясында бір-бірімен жарыса қозғалған жастар Медеудегі мерекеге ризашылықтарын білдіріп жатты. Тіпті, Медеуге тәнті бол­ған олар, сол күнгі Алматыдағы бұлтты, тұманды күнді де ұмытып кеткен. Қарлы шың, алып жоталар, бәрі-бәрі тамаша әсер сыйлайды. Ал, айдындағы мұздың өзі бір ғажап!
Медеудегі мерейлі күнді ұйымдас­тырушылардың бірі, «Ұлттық студенттік кеңестің» төрайымы Сандуғаш Қартаева бізге берген сұхбатында: «Алматының ең көрікті жері, Медеу мұзайдынына же­ңілдіктер мен жастарды салауатты өмір салтына шақыру мақсатында «Саламатты өмір салтын қолдау» шарасын өткізіп отырмыз. Біз осындай мақсатты орындау үшін сту­денттерге қолжетімді бағамен осындай әлеуметтік акция жасап отыр­мыз. Біз әрқашан студенттердің білімі, денсаулығы үшін мұндай шараларды жиі өткізіп тұрамыз деген үміттеміз», – деді. Ал, осындай жақ­сы бастамаларды жасап жат­қан бас­шылық­тың ұйымдастырып жатқан ша­расында болып, ерекше кө­ңілмен қайт­қан геогра­фия және та­биғатты пайдалану факуль­тетінің 1-курс студенті Айзада Әбдешова: «Бұл жердің табиғаты, үлкен мұзайдыны, сырғанақ тебуге жасалған үлкен мүмкін­діктері келуші­лердің тыңғы­лықты дема­луына күш береді. Бүгінгі күн біздер үшін естен кет­пес күндердің бірі болмақ. Сту­дент­тердің жағдайын ойлап, жақсы жұ­мыстар жасап жатқан жастар саяса­тына алғысым шек­сіз», – деді. Әсем табиғат аясында өткен мұндай шаралар­дың жас­тардың жү­регінде жатталып қалары сөзсіз. Ең бас­тысы олар таза ауада салауат­ты өмір салтын қалыптастырып, тамаша көңіл-күймен тарасты.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2-курс студенті.