ҚазҰУ студенттері Универсиадаға дайындықты бастады

20 ақпан, 2013

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттерге Алматыда 2017 жылы өтетін Универсиада ойындарымен таныстыру сабағы өтті. Кездесуді белгілі тележүргізуші Серік Ақышев жүргізді.

50 жылдам астам тарихы бар универсиада ойындары ҚазҰУ студенттері үшін де өте маңызды. Бұл кездесуді «2017 жылғы 28 қысқы Бүкіләлемдік Универсиаданы ұйымдастыру Комитетінің атқарушы дирекциясы» мемлекеттік қоры ұйымдастырып отыр. Басты мақсат – студенттер арасында насихат жұмыстарын жүргізу, еріктілер қатарына жазылуға шақыру және Универсиадаға қойылатын талаптармен таныстыру. Арнайы дайындалған видеороликті тамашалаған студенттер, универсиадаға қандай спорт түрлерінен, Алматыда қай спорт кешендерінде өтетіндігі туралы толық ақпарат алды. Жастар спортпен шұғылданып, өз дайындықтарын шыңдай түсуге, жарысқа жан-жақты дайындықты бастағандығын айтты.

Алматы Универсиада 2017 ойындарын үгіт-насихаттау және дамыту бөлімінің бастығы Дидар Сағадиев «Универсиада 2017-ге бүгінгі 1-курс студенттері қатыса алады. Жарысқа 17-28 жас аралығындағы қатысушылар тіркеледі. ҚазҰУ студенттері ең белсенді еріктілер қатарында деп ойлаймын», - деді өз сөзінде.

Қысқы Универсиада 2013 жылы Италияда, 2015 жылы Испанияда, 2017 жылы Қазақстанда өтеді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі