- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Қазақ КСР-нің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты кітаптың тұсаукесері өтті
«Қазақ КСР-нің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты кітаптың тұсаукесері өтті
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультеті «Қазақ КСР-нің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты кітаптың 3-ші басылымының тұсаукесері өтті.
Тұсаукесер мақсаты - «Қазақ КСР-нің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы» кітабының жаңа басылымын таныстыру, өскелең ұрпаққа дәріптеу. Аталған кітаптың жазылуы Кеңестік кезеңде қолға алынған қазақ халқының академиялық тарихын жазуындағы алғашқы талпыныс болатын. Кітап, Ұлы Отан соғысы жылдары жазылып, 1943 жылы баспадан шықты. Кенесары ханның тұлғасын асыра мақтап жазылған деген сыннан кейін, 1949 жылы И.О. Омаров пен А.М. Панкратованың редакциялауымен екінші басылымы жарық көрген. Бүгінде, өңдеушілер тарапынан басылымның «Қазақстанда социализмнің орнауы мен дамуы» атты тарау алынып тасталып, қазақ тарихының екі кезеңі: «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан халықтары», «Қазақстан – отар ел» атты тараулар қамтылған. Кітап Болатхан Тайжан атындағы Қордың демеушілік көрсетуімен басылып шықты және бұл кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
«Ермұхан Бекмаханов ҚазҰУ-дағы Қазақстан тархы кафедрасының негізін қалаған. Бұл кітап біздің студенттер үшін үлкен олжа. Жеңіл тілмен баяндалады. Жақсы жазылған. Кітап – қазақ деген халықтың тарихы. Басқа кітаптармен салыстырғанда, бұл кітап арқылы студенттердің сабаққа дайындығы ілгерілеп келеді», - деді өз сөзінде Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Талас Омарбеков.
Тұсаукесерге C. Ермұханұлы, Болатхан Тайжан қорының басшысы Мұхтар Тайжан және оқытушы-профессорлық құрам қатысты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі