Атамекеннің ыстық ықыласы

22 ақпан, 2013

Іле педагогикалық университетінің доценті Бәтима Бидоллақызы қазақ тілінің тарихын зерттеумен айналысатындығын, бұл бағытта профессор, мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі А. Салқынбайдың еңбектері жолбасшы болғандығын, Қазақстандағы тіл тарихының зерттелу барысымен, бұл салада жазылған ғылыми еңбектермен танысуға мүмкіндік алғанын қуана жеткізді. Кафедра оқытушыларымен өткен кездесуде Қытайдағы қазақ тілінің оқытылу барысы, қазақ әдебиеті, оның ішінде балалар әдебиетінің зерттелу жай-күйі сөз болды. Қазақ әліпбиінің латын графикасын қабылдайтыны туралы Елбасының бастамасын қытайда тұратын қандастарымыздың қуана қолдап жатқандығын айтып, оның тиімділігі жайлы да өз пікірлерін білдірді. Мемлекеттік тіл кафедрасының оқытушылары әріптестерімізді өз еңбектерімен, ғылыми зерттеу бағыттарымен, оқулық, оқу құралдарының құрылымымен таныстырды. Шетелдік әріптестеріміз қазақ тілін оқытудың жетік түрде жүйеленгенін, оқу материалдарының жан-жақты жинақталғанын, өздерінің жақсы тәжірибе жинақтағанын айтты. Атамекенге келуді көптен армандаған қандастарымыз ыстық ықыласпен қабылдаған университет ұжымына зор алғыстарын білдірді.