2013 жылдың ақпан айының 13 жұлдызында өткен «Тәні саудың – жаны сау» атты факультеттік деңгейіндегі эстафеталық жарыста өз мәресіне жетті!
Дене шынықтыру және спорт кафедрасы мен философия және саясаттану факультетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұстаздары мен 2 курс магистранттары ұйымдастырған «Дені саудың – жаны сау» атты спорттық эстафеталық жарыс өтті. Бұл жарысқа факультетіміздің барлық белсенді, спорт сүйер ұл-қыздары ептіліктерімен сынға түсті. 8 топқа («Қайсар», «Шапағат», «Денсаулық», «Челси», «Барыс», «Альтаир» және «Өркениет») бөлінген студенттер «Түскі ас», «Жұмыртқа», «Кенгуру» атты сайысқа қатысып, ерекше белсенділікпен өз шеберліктерін көрсетіп, спортқа деген сүйіспеншіліктерін байқатты. Топ жарып, ерекше бабымен көзге түскен дінтану мамандығының «Альтаир» тобы бірінші орынды иеленсе, «Челси» тобы екінші орынға шықты, ал үшінші орынға мәдениеттану мамандығының «Өркениет» тобы қол жеткізді. Спорттық іс-шараның мақсаты – студенттердің өзара ұйымшылдығын дамыту, қозғалыс белсенділігін арттыру, топпен жұмыс жасауға баулу, тез саналы шешім қабылдап, интеграция арқылы интеллектуалды қызмет жасауға үйрету. Спорттық сайыс студенттердің бәсекелестіктерін арттырып қана қоймай, денені үнемі ширықтыру, шынықтыру арқылы сананың сапа деңгейін, ойлау дәрежесін, күнделікті сабаққа деген ынтасын көтеру, интеллект өрісін биіктету, рухты шыңдау, демалысты дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді. Ал жастар арасынан қолдау табатын осындай спорттық мереке, іс-шараларды жиі өткізу қолға алынса жастардың рационалды тамақтануы, жақсы қимыл-қозғалыс белсенділігінің артуы, жеке бас гигиенасын сақтауы, өзінің денсаулығына ерекше көңіл бөлуі, жақсы экологиялық жағдайды қалыптастыруға ұмтылуы адам денсаулығына тиімді нәтиже беретіні сөзсіз.
Бұл әрбір жастың қоғамдық белсенділігін нығайтуға, игі істерде күш сынасып, жеңіске жетуде серік болатын еңбекқорлығы мен жауапкершілігін тудырады. Тәуелсіз еліміздегі дені сау, еңбек сүйгіш, талапты жастардың білімімен қоса табиғи саулығын, сенімділігін, жүріс-тұрысын, салауаттылығын бағалап, дамыту кез-келген халыққа қызмет ететін ұйымның мақсаты деп білемін. Өйткені, жас ұрпақтың дені сау болса ғана биік шыңдарды бағындырып, халқына қызмет етері даусыз.