Ахмет Байтұрсынұлының 140-жылдығына орай семинар өткізілді
Халықаралық қатынастар факультеті дипломатиялық аударма кафедрасы «Инабат» рухани-мәдени орталығы мен «Шығыс әлемі» ғылыми-танымдық клубының ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық тіл білімінің негізін қалаушы» атты ғылыми семинар өткізілді.
Іс-шараға А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші маманы, бөлім меңгерушісі, ф.ғ.д. Орнай Жұбаева қатысты. Кешті халықаралық құқық мамандығының 1-курс студенті, факультетіміздің мақтанышы, ақын, оқу озаты Нұрсұлтан Орынбеков жыр жолдарымен ашты. 1-курс студенттері Еңсепов Бекарыс пен Молдаш Алтынай ғалым өмірінен, шығармашылығынан, қызмет жолдарынан тартымды слайд-баяндама жасап, бейнеролик көрсетті. Қазақ тіл білімінің қара шаңырағынан келген маман факультет студенттері мен оқытушыларына ғалымның ұлттық тіл біліміне сіңірген еңбегі мен талайлы тағдыры туралы мазмұнды әңгімелеп берді. Қазақ тіл білімінің мәселелеріне, әсіресе, бүгінгі таңда ең өзекті болып отырған графика мәселелеріне, ұлт тілінің тазалығына қатысты келелі сұхбат жүргізді. Оқытушылар мен студенттер ғалымға көптеген сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды. Кездесу өте қызықты әрі мағыналы өтті.
Халықаралық қатынастар факультеті