Алматы қалалық ІІД бастығы Қанат Тыныбеков ҚазҰУ студенттерімен кездесті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы Қанат Тыныбеков университет ұжымымен және студенттермен кездесті. Бұл кездесудің басты мақсаты «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» аясында Елбасы атап айтқан істерді орындау.
Президент Жолдауында еліміздің қоғамдық тәртіп пен өмір сүрудегі қауіпсіздікке баса назар аударылды. Ұлт көшбасшысы «Біз ең кішкентай деген заң бұзушылыққа немқұрайлы қарамауымыз керек. Тәртіпсіздік, бұзақылық бұлар ел тыныштығын бұзады, өмір сүру сапасын төмендетеді», - деп айтылған болатын. Ректор Ғ. Мұтанов: «Елбасы ұлт қауіпсіздігіне базар назар аударып отыр. Кез келген заң бұзушылыққа жол берілмеуі керек. Біздің университетте куратор-эдвайзерлер мектебі жұмыс істейді, «Этика» комиссиясы, ҚазҰУ оқытушылары туралы ереже, Студенттің ар-намыс кодексі бар. Біз студентке біліммен бірге тәрбие беруге тырысамыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әрбір жатақханаларда бейнебақылау орнатылған, тәртіп сақтау жасағы жұмыс істейді» - деді кездесудің ашылуында.
«Бұл заман білек емес, білімге сенетін заман. Осында ҚазҰУ-да еліміздің элитасы білім алып отыр», дей келе, Қанат Тыныбеков Алматы қаласында тіркелген бірнеше қылмыстарға кеңінен тоқталды. 2011-2012 ж.ж. көрсеткіштер бойынша Алматыда кәмелеттік жасқа толмағандар арасында 225 қылмыс тіркелсе, қоғамдық орындарда орнатылған бейнебақылаудың көмегімен 140 іс қаралған. 2369 жол көлік оқиғасы болса, 2013 жылдан бері бұл көрсеткіш 2,6 есеге өскен. Студент жастарға бұл өте қажет ақпарат. Себебі, студенттер қоғамдық ортада өмір сүреді. Олардың қауіпсіздігі үшін нақты мысалдар келтіріліп, алдын алу үшін не істеу керектігі де айтылды. Алматыда 8 университетте полиция пунктеріне орын берілген, соның екеуі ҚазҰУ қалашығында. Полиция қызметкерлерінің студенттік ортада болуы көп тәртіп бұзушылыққа жол бермейді. Сонымен қатар, ҚазҰУ-дың «Жастар» полицияның көмекші қызметкерлерін Алматы қалалық ІІД-нің бастығы Қ. Тыныбеков алғыс хаттармен марапаттады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі