«Қазақтың қара өлеңі – құдіретім»
26 ақпанда, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті, М.Әуезов атындағы 312-дәрісханада мемлекеттік тіл кафедрасының оқытушылары, ф.ғ.к, доцент С.М Иманқұлова., Ж.А. Абдрахманова, Н.Ж. Егізбаеваның ұйымдастыруымен қазақтың қара өлеңінің құдіреті Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби‑жыр кеші болып өтті. Аталған жыр кеші «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаның аясында ұйымдастырылды.
...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
... Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын...,
– деп жырлаған Мұқағалиді ақын еткен де, мәртебесін биіктеткен де, ақындық ғарышқа самғатқан да – осы қазақтың қара өлеңі. Сол себепті жыр кешінің аты да «Қазақтың қара өлеңі – құдіретім» деп аталды.
Ақиық ақынның көзі болмаса да, жырын, шығармаларын сүйіп оқитын жастардың бар екендігі көңілге жылылық ұялатты. Әдебиеттен алшақ факультетте оқитын Экономика және Бизнес жоғары мектебінің 1 курс, орыс бөлімінің студенттері ақынның жалынды жырларын оқып, тыңдармандарды тәнті етті.
Әсіресе, 1 курс, «Қаржы» мамандығының студенті «Мақатаев оқулары» байқауының жеңімпазы Салғараева Ақбота ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын нақышына келтіре оқығанда, зал сілтідей тынды. Журналистика факультеті 3 курс студенттері, болашақтан үміт күттіретін жас ақындар Наурызалиев Нұрлан мен Октябрь Арман «Менің анкетам» өлеңін оқып, жыр сүйер қауымның көңілінен шыға білсе, Наурызалиев Нұрлан «Ақын ініге» атты ақынның өлеңін оқып, жастарға қара өлеңнің құдіретін танытты.