Қазақ тілін оқытуда тиімді әдістерді қолдануға арналған семинар өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Біліктілікті арттыру институты мен мемлекеттік тіл кафедрасының ұйымдастыруымен жақында «Мемлекеттік тілді оқытудағы инновация: жаңа үрдістер және модульдік технология» атты Республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Семинарға Республиканың барлық ЖОО-ның оқытушылары мен ғалымдары қатысты.
Семинарда қазіргі білім жүйесіндегі тілдік құзыреттілік, қазақ тілін оқытудың виртуальды жүйесін жетілдіру, Қазақстандағы мультилингвизм: тіл саясаты және мемлекеттік тілді жаңғырту мәселесі, қазақ тілі оқулықтары мен оқу құралдарындағы жаттығулардың түрі және берілу жолдары, модульдік оқыту және қазіргі инновациялық әдістер, мемлекеттік тілде іс қағаздарын оқытудың модульдік технологиясы сияқты мәселелер жан-жақты ғылыми талдауға түсті.
Сондай-ақ, бірнеше шеберлік кластар ұйымдастырылып, нақты материалдар негізінде дәріс үлгілері көрсетілді. Н. Егізбаеваның «Сабақ құрылымы тиімділігін арттыру жолдары»; Б. Омарованың «Интербелсенді әдістерді қолданудағы жаңа үрдістер»; Ғ. Иманалиеваның «Кәсіби қазақ тілін оқытудағы рөлдік ойындардың тиімділігі», А. Нұртазинаның «Қазақ тілін үйретудегі ұтымды грамматикалық құрылымдар» атты дәрістері көпшіліктің көңілінен шықты.
Алматы энегетика және байланыс университетінің орыс және қазақ тілдер кафедрасының аға оқытушысы Э. Ахметова Мемлекеттік тілді оқытудағы жаңадан еніп жатқан әдістер мен технологияларды ортаға салып, алдағы кезде осындай жоғары дәрежеде ұйымдастырылған, практикалық және теориялық жетістіктерді ұштастырған семинарлар кешенді түрде енгізілсе екен, демекпіз деді. Сонымен қатар кәсіби қазақ тілі бойынша магистратурада, доктарантурада қазақ тілі шетел тілдері сияқты міндетті оқыту пәні болу керек деген ұсыныстар білдірді.