14 мамырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі Аханов тағлымы «Тіл және менталдылық» атты Халықаралық конференцияның ашылу салтанаты болып өтті. Екі күнге созылатын шара оқу орынның 75 жылдық мерейтойына арналады.
Аталмыш шара әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінде 1998 жылдан бастап жалпы тіл білімі кафедрасы мен «Қазақ тілі: әлеуметтік және психолингвистикалық зерттеу жұмыстары» атты эксперименталды оқу зертханасының ұйымдастыруымен өткізілді.
Конференцияны өткізудегі басты мақсат қазіргі тіл біліміндегі өзекті мәселелерді талқылау, ұлттық ділді қалыптастыру, тіл мен танымның әсері, ментальды үдерістегі мәдениет пен тілдің қатысу мәселелері және мәдениет пен тіл диалогын жандандыру болып табылады.
Одан өзге АҚШ, Германия, Нидерланды, Польша, Ресей, Чехия, Латвия, Тәжікстан сынды шет елдерден келген лингвистердің баяндамалары «Діл және дискурс», «Діл және сөйлеу мәдениеті», «Діл және тілдік таным», «Діл және тілдердің байланысы» тақырыптарындағы пленарлық отырыста талқыланды.
Алғашқы боп сөз алған университеттің даму және құқықтық мәселелер жөніндегі проректоры Нұрлан Ыбырайым жиынға алыс және жақын шетелдерден арнайы шақырылған қонақтарды құттықтап, ғылыми ізденістеріне сәттілік тіледі.
Жыл сайын түрлі тақырып аясында өткізілетін конференция биыл «Орыс тілі және әдебиеті мұғалімдерінің халықаралық ассоцияциясы» (ОТӘМХА - МАПРЯЛ) тақырыбымен өтті. Осыны басшылыққа алып, қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің қызметкері, филология ғылымдарының докторы Бахытжан Хасанұлына Қазақстанда орыс тілін оқытып, қолдану шеңберін кеңейтуге қосқан үлесі үшін Ассоцацияның медалі мен құрмет грамотасы табыс етілді. Шараға қатысқандар өз сөзінде тіл мен діл мәселесін көтере келе, ең бастысы тіл мамандарының өз туған тілінен бөлек, жергілікті ұлт тілін жетік меңгеруінің арқасында ғана отандық ғылым саласын жетілдіруге болатындығын ерекше атап өтті.
- ҚазҰУ-ға алғаш рет 2001 жылы Орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының халықаралық ассоциациясының жиыны өткенде келдім. Сол кездесуде филология факультетінің кафедра меңгерушісі Элеонора Сүлейменова PhD докторанттарының ғылыми жетекші қызметін ұсынғанында бірден қабыл алдым. Былтырғы шәкіртім қазақ тілінің интонациясы бойынша диссертациясын қорғап шықты, ал биылғы жылы қазақ тілінің фонетикасы тақырыбында тағы бір аспирантымды дайындап жатырмын. Оқу-ағарту жұмыстарын жүргізе отырып, ҚазҰУ-дағы өзгерістерді де байқап отырмын. Университет ілгері қарай қадам басып келеді. Сондықтан екі мемлекет арасындағы ғылым саладағы халықаралық байланыстар әрі қарай нығая түсетіндігіне сенемін, - деді өз сөзінде Амстердам Университетінің профессоры Сесилия Оде.
ХІІ Аханов оқуларының аясында Санкт-Петербург мемлекеттік университеті филология ғылымдарының кандидаты, доцент Лазарева Ольга Андреевна «Тестілеудің сертификациялау жүйесі» атты шеберлік дәрісін оқитындығын жариялады.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі