Алматы қаласының әкімі ҚазҰУ оқытушылары және студенттерімен кездесті

25 мамыр, 2009

18 мамырда Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ҚазҰУ қауымымен кездесіп, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Дағдарыстан жаңару мен даму жолдары» атты Жолдауын талқылады. Сонымен қатар аталмыш шараға Алматы қаласының 26 жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Кездесу алдында А.С. Есімов ҚазҰУ қалашығында салынып жатқан жаңа ғимараттарды аралап шықты. Қазір университеттің жанында үш ғылыми-зертхана мен екі оқу бөлімнің қабырғасы тұрғызылып, іргетасы қаланған кітапхананың төртінші қабаты жаңартылып жатыр. Жаңа оқу жылында барлық ғимараттар салынып біту керек. Қаланың орталығында орналасқан ҚазҰУ-дың үш факультеті енді бір жерге шоғырланып, студенттер оқу жылын ҚазҰУ қалашығының жаңа оқу ордасында бастайды деп жоспарланып отыр.

Әкімге бәрінен университет факультеттерінің оқытушылары мен студенттерінің мерейтойлық көрмені таныстыру рәсімі ерекше әсер қалдырды. Қаланы көркейту үшін көрмеде айтылған ұсыныстарды ескере отырып, өндірісте қолданатындығын мәлімдеді.

Қала әкімі өз сөзін жақында өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Елбасының партия жұмысын дамыту, дағдарыспен күресу, мемлекеттің жетістіктері мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жолдары жөнінде жасаған баяндамасынан бастады.

Жолдау бойынша қоғамның тұрмыс жағдайы мен жұмыспен қамтамасыздандыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Жолдаудың басты мақсаты - қазіргі дағдарыс жағдайында күрделеніп кеткен халық тұрмысын жеңілдету, жұмыстан қысқарған азаматтардың жағдайын ойлау. Осыған орай мемлекет тарапынан 140 миллиард теңге бөлініп отыр. «Дағдарыс кезінде ең басты демеуші - мемлекет», - деді өз сөзінде А. Есімов.

Ахметжан Есімовтың атап көрсеткеніндей Алматы жастары Мәскеуден 1,4 % -ға озып кетті. Сондықтан бүгінгі күні жастарды жұмыспен толық қамтамасыздандыру және әлеуметтік қауіпсіздігі өзекті мәселе түрінде қарастырылып келеді.

- Антидағдарыстық саясаты аясында оқу ақысын қымбаттамау, студенттерге несие бөлу, оқу ақысын төлеудің тиімді жолдарын табу мәселелері қарастырылады, - деді Алматы әкімі.

Кездесу барысында Ахметжан Есімов университет оқытушылары мен ғалымдарының, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Интеллектуалды аудитория үшін Алматының тарихына қатысты ғылыми жобаларды қаржыландыру, ҚазҰУ қалашығының көрікті қала орындарындарының біріне айналуы, қала салу жұмыстары және т.б. жобаларға эколог-ғалымдарды қатыстыру сынды өзекті сұрақтар қызықтырды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі