Сыры мол жыр кеші
Наурыздың 26 жұлдызында шығыстану факультетінің арабтану және ирантану кафедрасында «ҚазҰУ студенті оқуға тиісті 100 кітап» атты жобаның аясында қызықты кездесу өткізілді. Бұл мәдени шара қазақ поэзиясының аспанында жарқ етіп жанып өткен, өмірден ерте өткен Төлеген Айбергеновтың шығармашылығына арналды. Арабтанушы және ирантанушы студенттер мен ұстаздар ақынның «Бір тойым бар» атты кітабында жинақталған жырларды жатқа оқып, ақын өлеңдеріне жазылған әндермен сусындады. Кафедра ақсақалы профессор Өтеген Күмісбаев Төлеген Айбергеновтың шығармашылығынан сыр шертіп, жастық шағын еске алып, Айбергенов әлемінен өзіне таныс сәттердің кейбір тұстарын айтып толғанды. Жыр кешіне ақынның қызы Айбергенова Салтанат қатысып, әкесі туралы естеліктер айтып, өлеңдерін оқып, өзі жарыққа шығарған әкесінің «Мені ізде» атты электронды кітабымен таныстырды. Төлеген Айбергеновтың өлеңдерінің бұл электронды нұсқасы заман талабына сай көркем, үлкен талғаммен дайындалған дүние екен. «Мені ізде» екі дискіден тұрады, бірінде Төлеген Айбергеновтың жырларына арналған клиптер жазылған, ал екінші дискіде ақын өлеңдеріне жазылған әндер топталған. Кездесуге қатысқан студенттер ақын өлеңдерінің құдіретін қағаздан ғана оқымай, заманауи үлгідегі клип түрінде де танып, рухани байлыққа кенелді деп сеніммен айтуға болады. Студенттер оқыған өлеңдердің арасында ақынның студент кезінде жазылған шығармалары да болды. Әрине ол өлеңді таңдаған кезде студент жырдың сырын білген жоқ, бірақ кездесуде болған ақын қызының «бұл өлеңдер менің әкемнің студент кезінде жазғандары еді» дегенде, осыдан 57-58 жыл бұрынғы студент пен ХХІ ғасыр студенті арасындағы ұрпақтар үндестігіне тәнті болдық. Ақынның анаға, Атамекенге, қоғамға, өмірге деген махаббатынан туған жыр жолдарын тыңдай отырып, Төлеген Айбергенов шығармаларынан бүгінгі жас, ертеңгі маман әрі рухани, әрі эстетикалық тұрғыда тәрбие алды деп ойлаймыз.
Шығыстану факультеті
Арабтану және ирантану
кафедрасының доценті Бәтіш Атабай