ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қайрат Мәми Елбасы Жолдауын талқылау мақсатында университет ұжымымен кездесті

9 сәуір, 2013

Кеше қасиетті қара шаңырақ ҚазҰУ-дың мәртебелі түлектерінің бірі, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми Елбасы – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын талқылау мақсатында университет ұжымымен кездесті.


Стратегиялық басты құжатта айтылған білім саласының міндеттерін айшықтауға арналған шарада университет оқытушылары мен профессорлары сөз алды. Осы орайда экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Баян Ермекбаева бұл күнді университет үшін аса маңызды оқиға ретінде атап өтті. Екі жақты пікір алмасу орын алған кездесуде декан: «Елбасы жолдауында айтылған тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктер мен болашақ жарқын жоспарлар біздің сенімімізді арттырды, қайратымызды жаныды. Біз негізгі мақсат бәсекеге қабілетті маман, Қазақстан патриоттарын тәрбиелеу екендігін түсінеміз. Сондықтан Жолдауда қойылған міндеттерді іске асырудың негізгі бағыттарын түйіндейтін жаңа жоба қабылдадық", - дей келе университеттің жетістіктеріне, қорытындыға негізделген басқару жүйесіне, оқу процесіне, оның ішінде халықаралық STEM стандартының артықшылықтарына, жаңа оқу бағдарламасына, сондай-ақ, 63 кафедрада қабылданған серпінді жобалардың маңызына кеңінен тоқталды.

Университет оқытушы-профессорлар қауымының баяндамаларына мұқият назар салған мәртебелі тұлға оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бере отырып, ағымдағы жылдың негізгі оқиғасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы жайында ой толғай сөйледі. «Бүгінгі Қазақстан – толысқан, өзіне сенімді мемлекет. Стратегияда 2050 жылға дейінгі саяси бағыт ұсынылды. Елбасы 7 міндетті белгілеп берді. Олардың бірі – білім берудің жаңа міндеттерін құруға байланысты», – дей келе, еліміздің экономикалық дамуы, әлеуметтік жағдайынан мәлімет бере кетті. Жан басына шаққанда шетелдік инвестиция тартудан ТМД-да көш бастап келе жатқандығымызды жеткізді. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау, тұрғын үй мәселесі, жұмыссыздық деңгейі, саяси тұрақтылық тақырыптары, еліміздегі құқықтық заң нормалары хақында өз ойымен бөлісті.

Сөз соңында сенат төрағасы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының жұмысына тоқталды. Шетелдік ЖОО-лардың тәжірибесін мысалға ала отырып, ҚазҰУ-дың биік деңгейін баса айтты. Өз баяндамасында Түлектер қауымдастығының жүйелі жұмысын танытты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі