Тайдзичуаннан шеберлік сағаты өтті

9 сәуір, 2013

Жақында Конфуций институты мен шығыстану факультетінің ұйымдастырумен қытай тілі апталығы болып өтті. Оған Конфуций институтының директоры Р. Асылбеков және институттың мұғалімдері, шығыстану факультетінің деканы, ф.ғ.д., профессор Б.Н. Жұбатова, қытайтану кафедрасының меңгерушісі З. Батпенова ханым және кафедра ұстаздары, студенттері, магистранттары қатысты.

Шараның мақсаты – жастарға қытай халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық спорт түрлерін дәріптеу. Апталықта қытай халқының ұлттық спорт түрі тайдзичуанмен танысу кеші өтті.

Конфуций институтының Қытайдан келген оқытушысы Шы Тин Жуй мырза «Салауатты Қазақстан - 2015» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында шығыстану факультетінің және Конфуций институтының 80-ге тарта студенттермен бірге Қытай халқының ұлттық спорт түрі тайдзичуаннан шеберлік сағатын өткізді.

Мұнда алға қойылған басты мақсат – салауатты өмірге бағыттау мен дене тәрбиесіне баулу. Дені сау, жоғары білімді маман ғана сапалы қызмет етіп, өзінің алға қоған мақсатын орындай алады.

Қытайдың тайдзичуан спорт түрі – салауатты өмірдің кепілі ретінде қазіргі өсіп келе жатқан жастарды тек аудиторияда ғана емес, табиғат аясында салауатты өмір салтын дене тәрбиесінің тәсілдері арқылы қалыптастыру болып табылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы

Конфуций институты