"Егемен Қазақстан" жалпыұлттық республикалық газет
Басымдықтарды баяндады
Сейсенбі, 9 сәуір 2013 2:33
Парламентшілердің еліміздің аймақтарына сапары аясында Сенат Төрағасы Қайрат Мәми бастаған бір топ депутат Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Парламент жоғарғы палатасының спикері жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамымен, студенттерімен және түлектерімен кездесті. Шараға сенаторлар Александр Судьин, Ақан Бижанов және Жұмабек Төрегелдинов қатысты.
Жиналғандар алдында сөз алған Қ.Мәми Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында белгіленген басымдықтар тұрғысында экономиканы және әлеуметтік саланы жаңғыртудың негізгі мәселелеріне тоқталды.
Төраға Парламентте қарауға жоспарланып отырған жаңа заң жобаларының мәнін түсіндіріп берді. Бұл ретте Президенттің Жолдауынан туындайтын ғылым, білім беру және жастар саясатын ілгерілету міндеттеріне назар аударылды. Отандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейтін ауқымды жұмыстарды мақсатты түрде тұрақты жүргізіп отыру қажеттігі атап өтілді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектері ассоциациясы төралқасының президенті ретінде Қ.Мәми Ассоциация мүшелерімен бірге осы бірлестік қызметінің өзекті мәселелерін талқылады.