Орта Азия ЖОО-ларының ішіндегі ең ірі кітапхананың тұсауы кесілді
13 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов сонымен бірге, шетел дипломатиялық корпус өкілдері, Алматыда тіркелген халықаралық ұйым дипломатиялық миссия басшылары, шетелдік қонақтар бас қосты. «Наурыз – жыл басы» мерекесін тойлай келген қонақтар салтанатты шараның алғашқы ресми бөлімінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кітапханасының тұсаукесер рәсіміне куә болды. ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов сөз алып келген меймандарды ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасымен таныстырып өтті.
«Бүгін заманауи жабдықталып, үлкен ғимаратта жас ғалымдарымыздың, студенттеріміздің, оқытушы-профессорларымыздың игілігіне пайдаланылуға беріліп отырған ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасы -Орта Азиядағы жоғары оқу орындарындағы ең үлкен кітапхана. Бұл кітапхана екі миллионнан астам кітап қорымен қамтылған», - деп атады ректор. Сонымен бірге бүгін оқырмандарды бай кітап қорымен қауыштырып отырған жаңа кітапхана ғимаратының алғашқы кірпішін, іргетасын Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қалағанын да тілге тиек етіп, барша білімгерлерді, ЖОО өкілдерін жаңа мәдениет ошағымен, наурыз мерекесімен құттықтады.
Университет басшысынан кейін жылы лебізін жеткізген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жаңа жылды жаңа бастамалар жасап, игі істер атқарып жатқан ҚазҰУ ұжымына алғысын білдіріп, дипломатиялық корпус өкілдеріне, шетел қонақтарына жыл басы - наурыз басталғалы қазақ елінде игі бастамаларға толы болатындығын ерекше ықыласпен жеткізді. Бұдан соң Ахметжан Есімов пен Ғалым Мұтанов ҚазҰУ Ғылыми кітапханасының тұсауын кесті.
Салтанатты рәсімнен кейін келген қонақтар, дипломатиялық корпус өкілдері жаңа мәдениет ошағымен танысып, абонемент бөлімдерін, кітапхана ішін аралап шықты. ҚазҰУ Ғылыми кітапханасының ашылуына дейін «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кітапханасын ең үздік кітапхана жасаймыз» атты республикалық акция өткен болатын. Акция барысында кітапхана қорына он бес мыңнан астап кітап келіп түсті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі