«Әлем бақшасы» ҚазҰУ қалашығынан орын алды
13 сәуір күні ҚазҰУ қалашығында Алматы қаласы әкімдігі, ҚазҰУ басшылығы, дипломатиялық корпус өкілдері қолдарына күрек алып, ағаш отырғызу рәсіміне жұмыла қатысты. Бұл күні ҚазҰУ ұжымы «Наурыз – жыл басы» мейрамын ұйымдастырған болатын. Жыл басында тал егу ырымы бұл мерекеде де тыс қалмады.
БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, Британдық Кеңес, шетелдік консулдық және АҚШ, Франция, Ұлыбритания, ГФР, Корея Республикасы, Жапония, Германия, Түркия, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Ауғанстан, Украина, Монғолия, Қырғызстан, Болгария, Польша, Египет, Түркіменстан елшіліктерінің, мәдени орталықтарының БАҚ басшылары өз елдерінен ала келген жас талдарын отырғызып, жаңа баққа «Әлем бақшасы» атауы берілді. Мұнда үйеңгі, қызыл қайың, магнолия, сакура, сирень, спирея, боз арша, бал қарағай, бадам сияқты оннан аса ағаш түрлері отырғызылды.
Қазақстан мен әріптес мемлекеттер арасындағы берік байланысты нығайта түскен, дипломатиялық корпус өкілдері тарапынан пайда болған «Әлем бақшасының» дүниеге келуін ҚазҰУ Ардагерлер мен Ақсақалдар кеңесі, студенттер мен басқа да ұйымдардың мүшелері де тамашалап, жас талдың қалашыққа көрік берген әсемдігін ризашылықпен тамашалады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі