Университет газеті – болашақ маман бейнесі
Университеттік газеттер арқылы студенттерді ұлттық-патриоттық сезімге, мемлекеттік принципшілдікке булимыз. Университет газеті қалай сөйлесе, білім ордасында даярланған болашақ мамандар солай сөйлейтін болады. Осы ретте университеттік газеттер өте қажет. Публицист-журналист, профессор Кәкен Хамзин 17 сәуірде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университетінің төл басылымы «Қазақ университеті» газетінің 65 жылдық мерейтойына орай, «Қазырғы кездегі ұлттық ақпараттық кеңістіктің дамуы» атты өткен дөңгелек үстелде осындай ойымен бөлісті. Сондай-ақ, профессор 65 жылға толып отырған «Қазақ университеті» газетінің кешегісі мен бүгініне тоқталып өтті.
Кезінде «А-4» форматымен парақша-листовкадай жарық көрген басылымның бүгінде беттелуі жақсарғандығын, мән-мазмұнының толықсығандығын атады. Газетке өзі басшылық еткен жылдарға тоқталып, бүгінгі редакция ұжымына шығармашылық табыстар тіледі.
Дөңгелек үстел барысында сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, тілшілер қауымы келіп «Қазақ университеті» газетінің 65 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отырған «Қазырғы кездегі ұлттық ақпараттық кеңістіктің дамуы» тақырыбы аясында пікірлерімен бөлісті. Ұлттық журналистік зерттеу орталығының президенті Дәрмен Смайыл «Қазақ университеті» газетін оқиғаны тудыратын басылым деп атады. «Бұл басылым республикалық деңгейдегі жарық көріп отыр. «Қазақ университеті» қазақ журналистерінің ұстаханасы, шеберханасы болды. Олар осы ортада өсті, өнді», - дейді Дәрмен Смайыл. Осы ретте бүгінде 65-ке келген басылымға әр жылдары Шериаздан Елеукенов, Дандай Ысқақ, Абдул-Хамит Марқабаев, Кәкен Хамзин, Қайрат Сақ, Сағатбек Медеубекұлы, Бекжан Әшірбаев, Дәрмен Смайыл сияқты майталман журналистер «Қазақ университетіне» бас редакторлық еткендігін ерекше атауға болады. Дәл осы тұста журналистика факультетінің деканы, профессор Өмірхан Абдимановтың «Қазақ университеті» газетінің бас редакторларының тізімі мықты, аруағы мықты, шаңырағы мықты» деген теңеуі орынды айтылғаны сөзсіз.
«Қазақ университеті» газетінің мерейтойын атай отырып, бүгінгі ұлттық ақпараттық кеңістіктің дамуына өз пікірін білдірген «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай ҚазҰУ-дың төл басылымын үлкен ғұмыры, терең тарихы бар деп атап, редакция ұжымына деген жылы лебізімен бөліскеннен кейін қазіргі кездегі ұлттық ақпараттық кеңістіктің дамуы жайында сөз қозғады. Ол газет беттерінде ана тіліне қатысты тақырыптарды, ұлттық мәселелерді көбірек көтеруді, жастар шығармашылығына қолдау танытуды, әлеуметтік мәселелерді, проблемалық тақырыптарды жиі жариялауды баса айтты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің мұндай қадау-қадау талап-тілектері жас журналистер қауымына ұлттық ақпараттық кеңістікті дамыту үшін айқын бағдар сілтеп отырғандығы сөзсіз. Ақын, «Заң» газетінің бас редакторы Бекжан Әшірбаевтың сөзіне сүйенер болсақ, газеттер идеологиялық тұрғыдан керек басылымдар. Ал жоғары оқу орындары үшін басылым шығару – болашақ мамандарды, жастарды идеологиялық тұрғыдан тәрбиелеу үшін таптырмас құрал.
17 сәуір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетіне «Қазақ университеті» газетінің 65 жылдық мерейтойына орай, «Қазырғы кездегі ұлттық ақпараттық кеңістіктің дамуы» атты дөңгелек үстел барысында арнайы жиналған БАҚ өкілдері осындай кәдеге жарар кеңестерімен бөлісті. Осы орайда «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы Саягүл Әлімбекова айтылған талап-тілектердің, кеңестердің университет басылымы үшін құнды екендігін жеткізіп. Ой бөлісе келген журналистер қауымына алғысын білдірді.
Алқалы жиынның соңында ҚазҰУ-дың әр факультетіндегі оқытушы-профессорлары, студенттері, құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері «Қазақ университеті» газетіне авторлық белсенділік танытқаны үшін университет басшылығы тарапынан алғыс хаттармен марапатталды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі