ҚазҰУ-дың биология факультетіне 75 жыл!
2009 жылдың 13 мамырында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтттық университеті және биология факультетінің 75 жылдығына арналған, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асыру мақсатында «Биоалуантүрлілік және табиғат пен қоғамның тұрақты дамуы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткен болатын. Шараны осыдан 75 жыл бұрын алғаш құрылған ботаника және экология кафедрасы ұйымдастырды.
Қонақтардан құттықтап келгендердің арасында Бен-Гурион университетінің профессоры, әрі ҚазМУ-дың (бүгінгі таңда ҚазҰУ) түлегі Михаил Даниленко (Израиль), ӨР ҒА «Ботаника» ғылыми-өндірістік орталықтың профессоры Шоякубов Рашид Шоякубұлы, Харьков ұлттық университетінің профессоры Ольга Ковпенко және т.б. болды.
- Біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «тұңғышы» - биология факультетінің құрылғанына 75 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймыз! Талай жылдардан бері бай қорды жинақтаған биология факультеті ғылым әлемінде беделді орынға ие. Орта Азия бойынша білікті мамандарды дайындайтын оқу орынның бірі - ҚазҰУ. Сондықтан алдағы уақытта университетпен жан-жақты қарым-қатынасымызды нығайтып, жемісті еңбек ететіндігімізге сенімдіміз, - деді өз сөзінде Өзбекстан қонақтары.
Украинаның ғылыми ботаниктер қоғамдастығының өкілі Ольга Ковпенко факультеттің мерейтойымен құттықтап, Украинаның бұрыннан келе жатқан ЖОО бірі Харьков ұлттық университетінің атынан ғылыми жұмыстарда табысқа жетуді тіледі. «Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың зайырлы басшылығымен университеттеріңіз, әсем қала Алматы мен еңбекқор қазақ халқы өркендей берсін»,- деді ол өз сөзінде.
Украина ғалымдары ҚазҰУ ғалымдарының бірегей қорықтарға, соның ішінде Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарларды зерттеуде ерен еңбектерін жоғары бағалады. Сонымен қатар қазақ және украин елдерінің ғалымдарын ортақ ғылыми мектебі байланыстырады, оған ҰОС жылдарында ҚазМУ-дың биология факультетін басқарған, кейіннен Харьков университетінің профессоры атанған Дора Семеновна Шапироның қосқан үлесі зор.
Екі күндік конференцияда 250-ден астам жақын және алыс шетелдерден, атап айтсақ, АҚШ, Франция, Үндістан, Мысыр, Ресей, Израиль, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Дағыстан, Литва, Башқұрстан келген ғалымдар баяндама жасады.
Конференцияда бүгінгі жаһандану үдерісіндегі әртүрлі ғылым салалары ғалымдарының табиғат пен қоғамның тұрақты дамуына қосқан үлестерін біріктіру; адамның оқыс іс-әрекеттерінің нәтижесінде экожүйенің бұзылуы мен экологиялық апаттардың экологиялық және экономикалық салдарын залалсыздандыру үшін қоғамды ақпараттандыру мәселелері қарастырылды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі